ӘлемБасты

Трамп НАТО саммитіне қатысу үшін Гаагаға келді

Сейсенбі күні күннің екінші жартысында АҚШ президенті Дональд Трамп мінген ұшақ Нидерландтың Гаага қаласындағы әуежайға келіп қонды.

Ақ үй басшысы Солтүстік Атлантикалық ынтымақтастық ұйымы (НАТО) саммитіне қатысады, деп жазады Kazinform.

Нидерландта НАТО-ға мүше елдердің мемлекет және үкімет басшылары екі күндік саммитке жиналып жатыр. Бұл жиын Альянстың жаңадан тағайындалған Бас хатшысы Марк Рютте үшін алғашқы жоғары деңгейдегі іс-шара болмақ.

Саммиттің негізгі тақырыптары — мүше елдердің қорғаныс шығындарын ұлттық ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) 5%-на дейін арттыру және қазіргі жағдайдағы НАТО-ның қорғаныс қабілетін күшейту.

Әлемдегі ең ірі әскери блоктың көшбасшылары Иран төңірегіндегі ахуалды және жалпы Таяу Шығыстағы жағдайды да талқылауы мүмкін. Сонымен қатар Гаагаға Украина президенті Владимир Зеленский де келді.

Батыс басылымдарының жазуынша, Дональд Трамп пен Владимир Зеленский арасында жеке кездесу 24 маусым кешкісін саммит қонақтарына арналған Нидерланд королінің қабылдауы кезінде немесе 25 маусым күні күндіз «іс-шара шеңберінде» өтуі мүмкін.

АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі Украинаға дәстүрлі әскери көмекті қысқартып, НАТО-дағы одақтастардың қорғаныс шығындарын арттыруға басымдық беріп отыр. Ал Еуропалық одақ елдері мен Канада келесі жылы Украинаға 35 миллиард еуродан астам қосымша әскери көмек бөлуге уәде берген.

TuraNews

Back to top button