Саясат
Trending

Тоқаев: Халық қолдаса Қазақстанның мемлекеттік құрылысының жаңа кезеңі басталады

Бұл туралы Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

«Біз Ата заңда еліміздің зайырлы мемлекет екенін әйгілейтін нормаларды сақтап, күшейте түсуіміз қажет. Конституциямыз заман талабына сай болуы керек.

ХХІ ғасырда цифрландыру үдерісі өте жылдам жүріп жатыр, тұрақты және аса қарқынды сипатқа ие болды.

Жоғары технология адамның күнделікті өміріне, құқықтары мен бостандықтарына тікелей әсерін тигізе бастады. Болашақта бұл үрдіс үздіксіз жалғаса беретіні анық.

Сондықтан еліміздегі цифрландыру үдерісінің институционалдық-құқықтық негізі Ата заңда міндетті түрде аталып өтуі қажет.

Конституцияда азаматтардың дербес цифрлық деректері заңмен қорғалатыны нақты айтылуы керек деп санаймын.

Мен әзірге келіп түскен ұсыныстардың негізгі тұстарына тоқталып өттім.

Осылайша, конституциялық реформаның жалпы сұлбасы шығып келеді.

Жарты жыл бойы өткізілген пікірталастар мен талқылаулар кезінде алдағы реформаға қатысты басты ұстанымдар айқындалды. Бұл ұстанымдар бір-бірімен өзара тығыз байланысты.

Тиісті байланыс арналары арқылы халықтан келіп түскен идеялар мұқият сараланды. Ойға қонымды бастамалар барынша ескерілді.

Халықтың қолдауына ие болса, Қазақстанның мемлекеттік құрылысының жаңа кезеңі басталады», — деді Президент.

TuraNews

Back to top button