Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Албания Президенті Байрам Бегаймен Ақордада өткен кездесуде екі ел астаналары арасында тікелей рейс ашуды ұсынды.
«Қазақстанға қош келдіңіз! Туризм, энергетика, көлік сияқты кез келген саладағы қолда бар мүмкіндіктер туралы айтсақ, бізге астаналарымыздың арасында тікелей рейстерді іске қосу туралы ойлану керек», — деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Албаниямен байланысты барынша дамытуға мүдделі екенін атап өтті.
«Қазақстан әріптестігімізді дамытуға барынша мүдделі екенін тағы қайталап айтқым келеді және елеулі нәтиже алуға барынша күш саламыз. Мемлекет басшысы ретінде арамызда жеке байланыс бар екеніне, танысқанымызға өте қуанышты екенімді тағы да білдіргім келеді», — деді Мемлекет басшысы.