Басты

Тиранада Қазақстан мен Албанияның СІМ арасында алғашқы саяси консультациялар өтті

Қазақстан мен Албания сыртқы істер министрліктері арасындағы саяси консультациялардың алғашқы раунды Албания астанасында өтті.

Қазақ делегациясын Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, ал албан тарапын Еуропа және сыртқы істер жөніндегі министрдің орынбасары Эндрит Юзейрай басқарған топ келіссөздер жүргізді.

Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын, оның ішінде саяси диалогты дамыту, сауда-экономикалық байланыстарды нығайту және өзара инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.

Сұхбаттастар қазақ-албан қатынастарының оң динамикасы мен сенімді сипатын атап өтіп, оған Албания Президенті Байрам Бегайдың 2023 жылғы қыркүйектегі Қазақстанға болған тарихи сапары және 2024 жылы Тиранада Қазақстан Елшілігінің ашылуы жаңа серпін бергеніне назар аударды.

Р.Василенко Қазақстан Албанияны Балқан өңіріндегі маңызды әрі сенімді серіктес ретінде қарастыратынын мәлімдеді. Ол сондай-ақ өзара шарттық-құқықтық базаны кеңейтудің және бейінді ведомстволар, оның ішінде «Kazakh Invest» АҚ мен Албанияның Инвестициялар және даму агенттігі (AIDA) арасындағы ынтымақтастықты жандандырудың маңыздылығын атап өтті.

Өзара іс-қимылды тереңдету мақсатында қазақ тарапы Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңес құруды ұсынды. Олар екіжақты өзара қатынастарды кеңейтуге және жаңа бизнес-бастамаларды тартуға ықпал ететін тиімді құралдардың бірі болады.

Өз кезегінде Э.Юзейрай екі елдің сыртқы саяси ведомстволары басшыларының тұрақты кездесулері, оның ішінде қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының «алаңында», ақпанда Адам құқықтары жөніндегі кеңестің 55-ші сессиясының Жоғары деңгейдегі сегменті және БҰҰ-ның басқа да өткен жаһандық кездесулердің маңыздылығын атап өтті. Оның пікірінше, Албанияда Қазақстан Елшілігінің ашылғаны Астана мен Тирана арасындағы қарым-қатынастардың барлық спектрін нығайту жолындағы ерекше қадам болды.

Консультациялар барысында халықаралық және өңірлік күн тәртібі бойынша, оның ішінде БҰҰ, ЕҚЫҰ мен басқа да көпжақты құрылымдар аясындағы өзара іс-қимыл мәселелері бойынша пікір алмасу өтті.

Тараптар алдағы уақытта түрлі деңгейдегі өзара сапарларды жандандыру арқылы екіжақты диалогты қарқынды дамытудың маңыздылығын атап өтті. Осы тұрғыда биыл мамыр айында Қазақстанда өтетін Астана халықаралық форумына Албания Премьер-Министрі Эди Раманың сапарын ұйымдастыруға ерекше назар аударылды.

Келіссөздердің қорытындысы бойынша дипломаттар барлық қол жеткізілген барлық уағдаластықтарды тиімді іске асыру мақсатында алдағы жоспарланған кестені белгілеп, сондай-ақ екіжақты қарым-қатынастардың әлеуетін толық ашу үшін жұмыс байланыстарын қолдауға дайын екенін растады.

 

TuraNews

Back to top button