Тері мен жүн өңдеу саласында қандай жобалар іске асырылады
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев елімізде тері мен жүн өңдеу саласындағы проблеманы атады, деп жазады Turanews.kz ҚазАқпарат агеттігіне сілтеме жасап.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеудің ең проблемалы салаларының бірі тері мен жүнді өңдеуге қатысты. Тері өңдеу саласында 9 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. 2022 жылы ірі қара мал бойынша 3,4 млн тері өндіріліп, оның шамамен 14% (462 мың) өңделді, 5,2% (179,5 мың) экспортталды, ал қалған 81% (2,8 млн) өңделмей қалды. Ал ұсақ мал бойынша 7,9 млн тері өндірілді. Сұраныстың болмауына байланысты ұсақ малдың терісін өңдеу және экспорттау іске асырылған жоқ
, — деді Е. Қарашөкеев Сенатта өткен Үкімет сағатында.
Оның айтуынша, былғары шикізатының экспортын тежеуші фактор 1 тонна үшін 200 еуро экспорттық баж болды. Қазіргі кезде ұсақ мал бойынша экспорттық баж толығымен алынып тасталды, ал ірі қара мал терісінен өңделген былғарыға қатысты 100 еуроға дейін төмендетілді. Оған қоса, инвестициялық субсидиялар қағидаларына былғары шикізаты мен жүнді қайта өңдеу жөніндегі жаңа кәсіпорындарды салуға және жаңғыртуға арналған инвестициялық салымдардың 25 пайызын өтеуді көздейтін жаңа паспорт дайындалды.
Сонымен қатар ол жеке әрі шағын шаруа қожалықтарында өндірілген тері сапасының төмендігі және тиісті талаптарға сәйкес келмеуі шикізат өңдеу саласының дамымауына әсер етіп отырғанын айтты.
Бұл мәселенің шешіміне тоқталсақ, терінің сапасына қарамайтын өндірістерді дамыту керек. Мәселен, желатин немесе азық қоспаларын өндіру ескерілген. Осы бағытта жалпы қуаты 12 мың тонна ірі қара малдың терісін өңдеп, желатин өндіретін 3 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. 2,2 мың тонна көлемінде азық қоспаларын өндіру үшін ұсақ мал терісін өңдейтін 1 жоба қамтылды. Аталған жобаларды жүзеге асыру арқылы тері өңдеуде біраз мәселені шешеміз
, — деді ведомство басшысы.
Бұдан бөлек, министрдің айтуынша, жүн өңдеудегі проблемалар да тері мәселесіне ұқсас, яғни шикізат сапасы төмен.
Республикада жыл сайын 40 мың тоннаға жуық қой жүні өндіріледі, оның тек 33% немесе 13,3 мың тоннасын қайта өңдеуге пайдалануға болады. Жүннің 67 пайызы қылшық және жартылай қылшықты жүн, ол іс жүзінде өңделмейді әрі тоқыма өнеркәсібінде сұранысы жоқ. Киіз және киізден жасалған аяқ киім фабрикалары аз ғана бөлігін өңдейді. Биыл ақпан айында Ауыл шаруашылығы министрлігі жүнді экспорттауға кедендік бажды алып тастауға бастамашылық жасады. Мәселен, Ақтөбе облысында қуаттылығы жылына 2,1 мың тонналық қылшықты жүнді өңдейтін «ҚАЗФИЛТЕК» ЖШС инвестициялық жобаны іске қоспақ. Ол жылу оқшаулағыш материалдарды дайындау үшін пайдаланатын болады. Жобаны ынталандыру үшін субсидиялау қағидаларына инвестициялық салымдардың 25% өтеу үлесі бар жүнді өңдеу жөніндегі паспорт енгізілген
, — деді ведомство басшысы.
Е.Қарашөкеев сондай-ақ ет өңдеу кәсіпорындарының проблемасын атаған болатын.