Терактіге жауаптылар өз әрекеті үшін жазаланады — Иран президенті
Иранда бейсенбі күні лаңкестік әрекет құрбандарын аза тұту күні жарияланды, олардың саны қазірдің өзінде 100 адамнан асты. Иран президенті Ибрагим Раиси қылмыскерлерді жауапқа тартуға шақырды, деп хабарлайды TuraNews.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
Ирандық IRNA агенттігінің мәліметінше, Ибрахим Раиси Кермандағы 103 адам қаза тапқан жарылыстарға жауаптылардың барлығы жазасын алатынын айтты. Ішкі істер министрі Ахмад Вахиди де жауаптыларды қатаң жазаға тартуға уәде берді.
«Анығы сол, осы қылмысқа кінәлілер жақын арада ұсталып, лаңкестер жантүршігерлік әрекеті үшін жазаланады», — деді Раиси.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш Иран Керманындағы шабуылды қатаң айыптап, кінәлілерді жауапқа тартуға шақырды. Еуропалық Одақ та Иран халқына көңіл айтты.
Иран үкіметі 4 қаңтарды бүкіл елде қаралы күн деп жариялады.
Еске салайық, Керман қаласында Қасем Сүлеймани жерленген зиратқа апаратын жолдардың бірінде екі жарылыс болды. Зардап шеккендер саны 103 адамға жетті, 170 азамат жарақат алды.
Бұған дейін Ибрагим Раиси Анкараға 4 қаңтарда баратыны хабарланған болатын. Олар Түркия-Иран жоғары деңгейдегі ынтымақтастық кеңесінің сегізінші отырысын ашпас бұрын Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен жеке келіссөздер жүргізеді.