«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Ұлытау облысында экологиялық іс-шаралар өтті

Бүгін Ұлытау облысында ұлттық экологиялық бастама – «Таза Қазақстан» акциясы аясында жаппай сенбіліктер ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты – тұрғындарды қоршаған ортаны қорғауға шақыру, экологиялық мәдениетті арттыру және туған өлкеге қамқорлық жасауды дәстүрге айналдыру.
Жезқазған қаласында «Менің таза қалам» атты ашық сабақ өтті. Сабақ барысында оқушыларға «Таза Қазақстан» акциясының маңыздылығы түсіндіріліп, экологиялық жауапкершілік туралы кеңінен айтылды.
Сәтбаев қаласының жастары қала тазалығына үлес қосу мақсатында кезекті тазалық акциясын өткізді. Іс-шара барысында орталық алаңдар мен көшелерде қоқыстар жиналып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Акцияға қатысқан ерікті жастар тұрғындарды қоршаған ортаға қамқор болуға шақырып, #ТазаҚазақстан республикалық челленджін қолдады.
Жастар:
«Таза қала – өзімізден басталады! Таза Қазақстан челленджін қабылдап, қаламыздың өзге де жастарына жолдаймыз», – деп өз үндеулерін жеткізді.
Сонымен қатар, акция аясында «Таза қала», «Таза аула», «Таза көше» бағыттары бойынша жұмыстар атқарылды. Тұрғындар өз еркімен қоғамдық орындарды абаттандыруға белсене қатысты.

Экологиялық шараларға мемлекеттік органдар өкілдерімен қатар, блогерлер, қоғамдық ұйым мүшелері, жастар және еріктілер қатысты.
2025 жылдың басынан бері Ұлытау облысында 12 облыстық және 17 қалалық сенбілік өткізілді. Бұдан бөлек, қала мен аудандарда «Таза бейсенбі» акциясы апта сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді.
«Таза Қазақстан» акциясы – бұл қоршаған ортаның жай-күйін жақсартуға, экологиялық сананы қалыптастыруға бағытталған бастама ғана емес, сондай-ақ рухани тазалықтың, адалдық пен отансүйгіштіктің идеологиясы.




