
«Қазан Кремль» мемлекеттік тарихи-сәулет және көркемсурет мұражай-қорығында «Яссауи мұрасы және ежелгі Түркістан» халықаралық көрмесі ашылды.
Іс-шараны «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай-қорығы ұйымдастырды. Экспозиция 3 бөлімнен тұрады: «Рухани аманат»,»Яссауи мұрасы»,»Түркістан – Түркі әлемінің астанасы».
Көрмеде мұражай-қорық қорынан археологиялық, нумизматикалық, этнографиялық құнды жәдігерлердің түр-түрі ұсынылған. Олардың қатарында Қожа Ахмет Яссауи өмірі мен мұрасы туралы қолжазбалар мен картиналар, ілімін жалғастырушылардың еңбектері, дүниежүзілік мұра атанған Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне байланысты тарихи артефактілер бар.
Сондай-ақ көрмеге келген көпшілік қасиетті Түркістан тарихымен және қазақ даласының ғасырлар бой қалыптасқан мәдениетімен, оның әлемдік өркениеттегі өзіндік орнымен таныса алады.
Көрме 20 сәуірге дейін жұмыс істейді.