Тарбағатайдағы Тәуке ауылында жаңа мектеп ашылды – ШҚО
Тәуелсіздік күні қарсаңында Тарбағатай ауданының Тәуке ауылында 80 орындық жаңа мектептің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Бұл жаңа білім ошағы заманауи талаптарға сай жабдықталған және оқушылардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған, деп хабарлайды TuraNews.kz.
Сонымен қатар ғимарат ішінде шағын балабақша да қарастырылған, бұл ауылдағы мектепке дейінгі білім беру жүйесін дамытуға үлес қосады.
Салтанатты шарада аудан әкімі Дархан Жөргекбаев құттықтау сөз сөйлеп, мектеп құрылысына қолдау көрсеткен ауыл азаматтарына алғысын білдірlі, оларға арнайы «Алғыс хаттар» табыстады.
Мектептің ашылуына орай облыстық білім басқармасының басшысы Инесса Чернышева сөз алып, облыс әкімі Ермек Көшербаевтың қолдауымен химия-биология пәндерінің зертханаларын жабдықтауға қаражат бөлінетінін хабарлады.
Тұрғындардың көптен күткен жаңа мектеп ғимараты оқу процесін жүргізуге толығымен дайын. Бұл ауыл балаларына сапалы білім беріп, болашақта білікті ұрпақ тәрбиелеуге жол ашады.