Тәжікстанда тағы да жер сілкінді
14 сәуірге қараған түні Тәжікстанда магнитудасы 4,5 балдық жер сілкінісі болды.

Бұл туралы Еуропа-Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығы (EMSC) мәлімдеді, деп жазады Kazinform агенттігі.
Жерасты дүмпулері Рашт қаласынан 23 шақырым жерде UTC 0:44 (Қазақстан уақытымен 5:44) кезінде тіркелгені атап өтілді. Жер сілкінісінің ошағы 5 шақырым тереңдікте орналасқан, деп жазады DW.
Бір күн бұрын, 13 сәуірде Тәжікстанда екі рет жер сілкінген. Олардың ошақтары облыс орталығы Рашт қаласының маңында, ел астанасы Душанбеден шығысқа қарай 180 шақырым жерде орналасқан.
АҚШ геологиялық қызметінің мәліметінше, күндіз жергілікті уақыт бойынша 09:24–те алғашқы жер сілкінісі тіркелген. Магнитудасы 5,8. Оның көршілес Өзбекстан аумағына әсер еткені, Ташкентте 2 баллдық күшпен жерасты дүмпулері сезілгені айтылды.
Екінші жер сілкінісі жергілікті уақыт бойынша 12:14–те болды. EMSC мамандары жер сілкінісінің магнитудасын 4,2 деп бағалады. Жер сілкінісінің ошағы Рашт қаласынан шығысқа қарай 40 шақырым жерде орналасқан.
Айта кетейік, Тәжікстанда 13 сәуір күні таңертең болған жер сілкінісі 29 тұрғын үй мен бір білім беру мекемесіне зақым келтірді.