Саясат

Тәжікстан үкіметі утильалым мөлшерін өзгертуді жоспарлап отыр

Тәжікстан үкіметі утильалым мөлшерін өзгерту бастамасын талқылап жатыр.

Тәжікстан Кеден қызметінің басшысы Хуршед Каримзоданың мәліметінше, утильалымның жаңа құнын белгілеу мәселесі әзірге зерделеніп жатыр. Сондай-ақ, аталған төлемді көлікті елге кіргізген уақытта алу тәртібі енгізілмек. Бұған дейін тәжікстандық жүргізушілер темір тұлпарды тіркеуге қойған кезде ғана утильалымды өтеуі тиіс болатын.

— Қабылданған шектеу шараларына қарамастан, елге ескі көліктерді, түрлі дәрежеде жөндеуден өткен темір тұлпарларды әкелу тоқтамай тұр, — деді Хуршед Каримзода.

Ведомство басшысы атап өткендей, енді утильалымды жинау құзыреті Кеден қызметіне беріледі. Қазіргі уақытта бұл міндетті Мемлекеттік автокөлік инспекциясы атқарып келеді.

Айта кетейік, Тәжікстанда утильалым 2024 жылдың басында енгізілген. Бүгінде оның құны 360 сомониден басталып (шамамен $33), 2880 сомониге ($264) дейін жетеді.

Source
Kazinform

TuraNews

Back to top button