Тәжікстан президентінің Астанаға сапары қалай өтті?
Бүгін Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонның Астанаға жұмыс сапары аяқталды, деп жазады Turanews.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі жұмыс сапары аяқталған Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонды әуежайдан шығарып салып, жылы қоштасты, – делінген хабарламада.
Тәжікстан Президентінің сапары аясында бірқатар жоғары деңгейде келіссөздер жүргізіліп, түрлі іс шаралар өтзілді:
Келіссөздер
Сол күні Ақордада екі ел президенттерінің шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздері өтті.
«Сізбен елордамызда жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Сіздің сапарыңыз біздің бауырлас елдеріміз арасындағы шынайы достық қарым-қатынасты одан әрі нығайту тұрғысынан зор маңызға ие. Елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік, одақтастық қарым-қатынас туралы айтуға толық негіз бар. Астанадағы тәжік мәдениеті күндерінің ашылуына Сіздің арнайы келуіңіздің өзі көп нәрсені аңғартады. Сіздің сапарыңызды жоғары бағалаймын», — деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев Эмомали Рахмонның сапарын жоғары бағалап, бауырлас мемлекеттер арасындағы достық қарым-қатынастарды ілгерілету тұрғысынан үлкен маңызға ие екенін айтты. Өз кезегінде Тәжікстан президенті екі ел арасындағы қарым-қатынастың ахуалы мен перспективаларын, сондай-ақ халықаралық және аймақтық мәселелерді талқылауға дайын екенін жеткізді.
Мемлекет басшысы Қазақстанда Тәжікстанмен достық қарым-қатынасты жоғары бағалайтынын атап өтті. Барлық саладағы екіжақты ынтымақтастықтың, соның ішінде су және энергетика кешеніндегі өзара іс-әрекеттің қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды.
«Су және энергетика салаларындағы міндеттемелерді орындауға, атап айтқанда, Қазақстанға су және электр энергиясын жеткізуге байланысты шешімді уақтылы қабылдағаныңыз үшін Сізге және барша тәжік тарапына алғысымыз шексіз. Қазақстан өз тарапынан Сіздің алдыңғы сапарыңыз кезінде өзара келіскен барлық міндеттемені орындап жатыр», — деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, биыл 6 айда тауар айналымы 500 миллион доллардан асқан. Бұл ретте өзара сауда-саттық көлемін 2 миллиард долларға дейін арттыру жоспарланып отыр.
Эмомали Рахмон да екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайына жоғары баға берді.
«Тәжікстанның мәдениет күндерін және көрмесін, сондай-ақ еліміздің ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп секторы өнімдерінің жәрмеңкесін Астана, Алматы және Шымкент қалаларында өткізуге қолдау көрсеткеніңіз үшін алғыс айтамын. Бұл шараларды Тәжікстан мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастың, стратегиялық серіктестік пен одақтастықтың үздіксіз дамуының бір белгісі деп бағалаймыз. Бұл шаралар екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толған кезеңде өтуінің өзіндік мәні бар. Бүгінде елдеріміз арасындағы қарым-қатынастың өзара түсіністік, жоғары құрмет пен сенімге негізделгені қуантады. Байланыстарымызды одан әрі нығайту Тәжікстанның сыртқы саясатының негізгі басымдығы болып қала береді», – деді Тәжікстан Президенті.
Елордадағы мәдени кеш
Келіссөздерден соң Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон Тәжікстанның халық шығармашылығы көрмесіне барды. Экспозицияға тастан, ағаштан, қыштан және бағалы металдардан жасалған 200-ден астам қолөнер бұйымы, сондай-ақ дәстүрлі өрнектермен нақышталған ұлттық киімдер, белгілі тәжік суретшілерінің картиналары және Тәжікстанның көрікті жерлерінің фотосуреттері қойылған.
Содан кейін Тәжікстанның Қазақстандағы мәдениет күндерінің ашылу рәсімі өтті. Шара екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығына орай ұйымдастырылды.
«Астана Опера» театрында тәжіктің «Зебо», «Гулрез», «Парасту» би ансамбльдері, сондай-ақ Амирджон Рузи, Шарофат Усмонзода, Ситораи Кароматулло, Тахмина Ниезова, Рахматулло Хошим, Фотимаи Худойберди және тағы басқа әншілер өнер көрсетті.
Президенттер елорданың Бас мешітінде
Іссапардың екінші күні Орталық Азиядағы ең ірі мешіттен басталды. Қазақстан мен Тәжікстан президенттері Астана қаласының Бас мешітіне барды.
Мешітте Қазақстанның бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы Құран сүрелерін оқып, екі елдің халқына бейбітшілік пен бақ-береке тіледі. Мемлекеттер басшылары Орталық Азиядағы ең үлкен мешіттің сәулетімен танысты.
Тәжікстан тауарларының жәрмеңкесі
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон Тәжікстанның ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп тауарларының көрме-жәрмеңкесін аралап көрді. Мемлекеттер басшыларының назарына дәстүрлі тәжік киімдері, кілемдері, маталары, қыштан жасалған сәндік бұйымдары және музыкалық аспаптар ұсынылды. Сондай-ақ жәрмеңкеге жеміс-жидектер, көкөністер, қақталған жемістер мен кондитерлік өнімдер қойылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев елдеріміздің экономикасы бірін-бірі толықтыратынын, сондықтан Тәжікстанның бүгінгі көрме-жәрмеңкесі Қазақстан үшін айтарлықтай қызығушылық туғызатынын атап өтті.
Цифрлық үкіметі кеңсесінде
Екі ел басшыларына отандық IT шешімдер таныстырылды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мемлекеттік органдардың азаматтармен тиімді қарым-қатынас жасауына мүмкіндік беретін IT платформалар жөнінде мәлімет берді. Атап айтқанда, сәбидің дүниеге келгенін тіркеу құжатына, сондай-ақ жылжымайтын мүлік пен көлікті рәсімдеуге проактивті өтінім берудің үлгілері көрсетілді.
Азаматтардың өтінім беруіне арналған е-Otinish платформасы және жер қойнауын пайдаланушы субъектілердің қызметіндегі ашықтықты қамтамасыз етуге, сондай-ақ пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін анықтауға мүмкіндік беретін ғарыштан мониторинг жүргізу жүйесі таныстырылды.
Сонымен қатар, «Отбасының цифрлық картасы» жобасының жүзеге асырылу барысы баяндалды. Бұл жоба – құрамына әлеуметтік әл-ауқаттың 100 көрсеткіші және орталық мемлекеттік органдардың 20 деректер қоры кіретін бірегей дерекқор. Дерекқор барлық отбасын әл-ауқаттың бес деңгейі бойынша жіктеуге және оларға проактивті форматта атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Кездесу қорытындысы бойынша «Өзара түсіністік туралы» меморандумға қол қойылды. Бұл құжат аясында Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Тәжікстанның Өнеркәсіп және жаңа технологиялар министрлігімен электронды үкімет платформасын жүзеге асыруда тәжірибе алмасады.
Сондай-ақ, ынтымақтастық аясында тәжік мамандарын Қазақстанның алдыңғы қатарлы IT мектептері мен ғылыми-зерттеу институттарында оқыту мүмкіндігі қарастырылады. Эмомали Рахмон Тәжікстанда цифрлық технологияларды дамыту ісіне қолдау көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді.
Жұмыс сапары аяқталған соң Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонды әуежайдан шығарып салып, жылы қоштасты.