Сурет салу — табиғатынан талант дарыған ерекше жандарға берілетін қасиет. Суретшілер әр сәттен, жолай кезіккен әр адамның кескінінен табиғаттың тылсым сырын байқай алады. Сондай қылқалам шеберлерінің бірі — алматылық студент Әзизбек Баратов. Оның қиялынан шыққан әр туындының мағынасы бар. Бүгінде сүйікті ісін кәсіпке айналдырып, адал еңбегімен нәпақасын тауып жүрген жас жігітпен ҚазАқпарат тілшісі сұхбаттасқан еді.
— Әзизбек, көбі сіздің туындыларыңызға жоғары баға беріп, қабырға суреттеріңізді сүйсіне тамашалағанымен өзіңіз туралы ештеңе білмейді. Сондықтан әңгімемізді танысудан бастасақ…
— Менің толық аты-жөнім Әзизбек Баратов. Жасым 22-де. Тәжікстанда туып өскенмін. Қазіргі таңда Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің 4-курсында оқимын. Яғни, биыл төртінші курсқа көштім. Сәулет және дизайн мамандығы бойынша білім алып жүрмін.
Қазақстанда білім алу бала күнгі арманым еді. Осы мақсатыма жету үшін бар күш- жігерімді салдым. Өйткені, мен қарапайым көпбалалы отбасынан шыққанмын. Яғни, ата- анамның мені осындай әсем Алматыда оқытуға шамасы келмейтін еді.
— Сурет салуға қашаннан бері қызығасыз? Арнайы курстарға қатыстыңыз ба?
— Мектеп жасындағы баланың барлығы қағаз бен қаламға сурет салуға құмар келеді. Мен уақыт өте келе бойымдағы қызығушылық балалық ермек емес, өнерге бастама екенін іштей топшылай түстім. Сол кезде маған ізденісті одан әрі арттыру керектігі туралы ой келді.
Мектеп бітірген соң да сол ұстаным-бағытымнан айнымай, алып Алматыға келдім. Жаңа айтқанымдай, үйдегілердің мені курсқа беретіндей артық тиын-тебені болған жоқ. Сондықтан ешқандай курстарға қатысқан емеспін.
Бәрін өзім үйрендім. Бұл талант бойыма әкемнен дарыған деп есептеймін. Әкем кәсіби суретші емес, басқа салада жұмыс істейді, алайда анда-санда сурет салатын өнері бар.
— Сурет жанры – сан ғылым тоғысқан синкретті өнер саласы. Осы жолға келуіңізге бойыңыздағы қандай қабілет көп көмегін тигізді?
– Суретшілік адам бойынан көп еңбектенуді талап етеді. Логикадан бастап психология, философия, математика, тарих, әдебиет, музыка деген пәннің бәрін ортақ тоғыстыратын арна деуге болады. Себебі ізденіссіз жетістікке жету, шығарманы бейнелеу мүмкін емес.
Осы жолда дәлдік те, нақтылық та, таным да — барлығы қажет болғандықтан, олармен байланысуың — күнделікті жағдай. Адам бойында ең алдымен қабілет болуы тиіс. Оған ешкім кездейсоқ келмейді. Сонан соң оны дамытып отыру арқылы өзіңді жетілдіруге болады. Бос уақытта көп ізденемін. Әр композицияның өзінше ізденісі бар.
— Кешіріңіз, сіздің ұлтыңыз кім?
— Ұлтым қазақ. Әкем — қазақ, анам- өзбек. Екінші курс оқып жүргенімде Қазақстан азаматтығын алдым. Тарихи отанына оралу — этникалық қазақ үшін үлкен қуаныш. Біздің туған- туыстарымыз Қазақстанда тұрады.
Тек менің ата-анам ғана Тәжікстанда қалып қойды. Бұйырса, күзде ата-анам, бауырларым да Алматыға қоныс аударады. Әкем осы уақытты өмір бойы күтті. Әке арманын орындау — менің перзенттік парызым деп есептеймін.
— Әзизбек, қазір өзге мемлекет түгілі, ауылдан -ауылға көшудің өзі оңай емес, айтпағым қалада өз баспанаң болмаса, өмір сүру қиын…
— Менің кескіндеме, бейнелеу өнеріне байланысты шағын кәсібім бар. Оны «AZIS ART» деп атадым. Біріншіден бұл кәсіп мен оқып жатқан мамандығыма жақын, екіншіден сол арқылы тәжірибе жинақтап жатырмын, үшіншіден ақша табамын. Яғни, талантым арқылы табыс тауып жүрмін. Екі жыл қаржы жинадым, сол ақшаға үй, көлік сатып алдым. Командамда 30 талантты жас бар.
— Тапсырыстар қайдан түседі?
— Салған суреттерімізді әлеуметтік желіге жүктейміз, сол арқылы тапсырыс қабылдаймыз. Көбіне қабырға суреттерге тапсырыс түседі. Мейрамхана, ойын-сауық орталықтарының қабырғасына сурет саламыз.
— Мегаполистегі ірі көпір діңгегіне сурет салып, оған ерекше реңк беріпсіздер. Расында, күнделікті тірлікте аса көңіл бөліне бермейтін жер, қазір алыстан менмұндалап, көз тартып тұр. Мұндай идея ойыңызға қайдан келді?
— Алматы — Қазақстанның ең көркем әрі ең ірі қаласы. Менің және достарымның сүйікті жері. Сондықтан достарымызбен бірге оқып-тұрып жатқан қаламызға ерекше сый жасағымыз келді. Сөйтіп ойымызды әлеуметтік желіге жариялап, жұмыс істеуге әзір екенімізді білдірдік.
Идеямыз әкімдікке ұнады, осылайша жұмысқа кірісіп кеттік. Бұл нысан абстракция стилінде орындалды. Яғни, мұқият қарасаңыз, әр адам өзінше қабылдайды. Біреу пілді, біреу қалпақ киген аруды, енді біреу қаланы көре алады. Назар салып қарасаңыз, арасында Алматының символы саналатын алма да бар. Солардың бірін ауқымды бір жұмысқа, бір стильге бағындырып жасадық.
Бұл — динамика, статика стилінде сақталған эскиз. Бояуды сатып алуға қалалық әкімдік көмектесті. Сурет ұзақ уақыт бойы сақталады. Себебі, бояу құралдарының сапасы өте жоғары. Жақын күндері тағы бір үлкен жобаны қолға алмақшымыз. Қазір оның эскизін жасап, қандай бағытта салатынымызды ақылдасып жатырмыз.
— Сіздер тек Алматы қаласынан ғана тапсырыс қабылдайсыздар ма?
— Жоқ. Қазақстанның барлық өңіріне шығамыз. Мысалы Ақтауда көпқабатты үйдің қабырғасына мурал салдық. Астанада да біздің туындылар бар. Бірақ, көбіне Алматыда жұмыс істейміз. Тіпті шетелге де бардық.
— Шетел деп қалдыңыз, нақты қай елде болдыңыз?
— Дубайда жұмыс істедік. Бірнеше қабырға суретін салдық. Дубай — әлемдегі ең сәнді қалалардың бірі болғанындықтан ол жаққа қуана-қуана бардық. Сондай-ақ Ташкент қаласында да жобаларды іске асырдық. .
– Алдағы жоспарларыңызды бөліссеңіз…
– Алдағы іс – болашақтың еншісінде. Дегенмен адам баласы болған соң алдыңа мақсат қоясың, армандайсың. Мен білімімді жетілдіргім келеді. Болашақта сәулет бюросын ашқым келеді. Осы саланы дамытуға күш-жігерімді жұмылдырсам деймін. Сұлулық, эксклюзив, бірегейлік адамзатқа әлемге басқа көзқараспен қарауға көмектеседі.
— Әңгімеңізге рахмет!