Су тасқыны: БҚО-да 100-ден астам адам үйлеріне оралып жатыр
Орал қаласында 20 саяжай аумағы бойынша тасқын су салдарын жою жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп жазады Turanews.kz ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, өткен тәулікте Бөрлі ауданы Кеңтүбек ауылында үш үйдің кіреберісіне су кірген. Су бірден сорылған.
Кеңтүбектен 14, «Семь» совхозы» елді мекенінен 1 адам эвакуацияланды.
Орал қаласында «Ягодка» саяжай қоғамында алдын ала хабарланғандықтан, 15 адам туыстарының үйіне кеткен.
Департамент бастығының орынбасары Қанат Доспаевтың сөзіне қарағанда, Орал қаласы мен Бөрлі, Қаратөбе, Шыңғырлау, Сырым, Казталов және Бәйтерек аудандарында инертті материал салынған қаптар төсеу жұмыстары жалғасуда. Кешеден бері 6 мыңға жуық қап төселді, 84 мыңға жуық текше метр су сорылды.
«Су тасқыны басталғаннан бері облыс бойынша инертті материал салынған 32 мың қап төселді, 420 мың текше метр су сорылды. Тартылған күш-құралдардың жедел іс-қимылы арқасында бұрын су басқан 57 тұрғын үйден су сору жұмыстары аяқталуда. 100-ден астам адам өз үйлеріне оралуда. Бұрын эвакуацияланған 188 адам туыстарының үйлерінде. Жағдай тұрақты бақылауда. Сонымен қатар су тасқыны салдарын жою жұмыстары Оралда 20 саяжай аумағында жүргізілуде», — деді Қанат Доспаев.
Өткен тәулікте Сырым, Қаратөбе және Шыңғырлау аудандарында жағдай тұрақтанды, күштер мен құралдар басқа учаскелерге жіберілуде.
Қазіргі уақытта Орал қаласы аумағында орналасқан Деркөл және Шаған өзендері арналарындағы су деңгейіне мониторинг жүргізілуде. 11 бақылау гидробекеті қойылды, олардың көрсеткіштері бойынша жедел шешімдер қабылдануда.