Қоғам

СҚО-да – 40 градусқа дейін аяз болады

Солтүстік Қазақстан облысында келесі аптада күн күрт суытып, сынап бағанасы — 40 градусқа дейін төмендемек, деп хабарлайды Turanews.kz ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Осыған орай құтқарушылар алдын ала смс-хабарламалар жіберіп, оқыс оқиғалардың алдын алу үшін бірқатар шараны қолға алды»  делінген хабарламада.

СҚО төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Мұрат Қанғожиновтың айтуынша, келесі аптада тағы да күн бұзылып, бұл жолы күн күрт суытпақ. Күндіз сынап бағанасы -30-35 градусқа дейін, түнде кей жерлерде — 40 градусқа төмендемек.

«Қазір білім басқармасымен бірге жұмыс істеп жатырмыз, мұндай аяз болған жағдайда мектептерде сабақ болмайды. Сондай-ақ аудандардың әкімдіктерімен, полициямен де байланыс орнаттық. Автожолдарда қозғалысты шектеуді ұсындық. Облыс аумағынан солтүстік антициклоны өтпек, сәйкесінше бір апта бойы аяз тұрады.

Автобустар, жүк көліктері арзан бағасына қызығып кейде жазғы дизель отынын қолданады. Ал ол қатты суыққа шыдас бермей қатып, салдарынан көлік жолда қалады. Бұл – өте қауіпті. Өзбекстан азаматтары мінген автобустар да облыс аумағынан өтеді. Тәжірибе көрсеткендей, әдетте олар жазғы дөңгелекпен және жазғы дизель отынымен жүреді. Сондықтан бұл көлік жүргізушілері де назардан тыс қалмайды», — дейді Мұрат Қанғожинов.

 

TuraNews

Back to top button