ҚоғамСаясат

СІМ Тина Канделакидің Қазақстанға кіргізілмейтінін айтты

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі осындай мәлімдеме жасады.

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров ресейлік тележурналист Тина Канделакидің Қазақстанда орыс тілінің қолданыс аясы тарылып бар жатқаны туралы мәлімдемесіне пікір білдірді.

«Көрші елдегі азаматтар, өз достарымыздың біздің ел туралы бейхабар екені адамды кішкене өкпелетеді. Өйткені олардың біз туралы ақпараты дұрыс емес. Біздің елге келіп қалай өмір сүріп жатқанымызды өз көзімен көрсін. Ойдан шығарып жаза бергенше, әлеуметтік желіде қырылысқанша одан да өзіміздің жұмысымызды одан әрі қарай жалғастырайық», — деді СІМ ресми өкілі.

Дегенмен, А.Смадияров аталмыш журналистің Қазақстанға кіре алмайтынын айтты.

«Тізім деп сіздер қайта-қайта сұрай бересіздер. Нақты бір, екі, үш деген тізім жоқ. Ол — жалпы әр мемлекеттің өзінің ішкі шарасы. Сізге біреу ұнамаса, үйіңізге кіргізбейсіз ғой. Тура сол сияқты біз де кіргізбейміз. Керек кезде шара қабылданады. Оны нақты „бүгін кіргіздіңіздер ме, ертең кіргізесіздер ме“ деп талап етпеңіздер. Мемлекет ондайды ешқашан кешірмейді. Ол Қазақстанға келе қоймас, келген жағдайда кірмейді», — деді Айбек Смадияров.

Еске салайық, бұған дейін ресейлік тележурналист Тина Канделаки әлеуметтік желідегі парақшасында Қазақстанда бірнеше теміржол стансасының атауы өзгеруін орыс тілінің аясын тарылту деп пікір білдірген болатын.

TuraNews

Back to top button