
Кешенді іске қосу аясында құрылыс жұмыстарының бірінші кезеңіне кіретін аумақта алғашқы қызанақ өнімі жиналды. Жалпы құны 650 млн АҚШ долларын құрайтын ірі инвестициялық жобаның құрылысы былтыр жазда басталған, деп жазады BasAgro.kz.
Кешеннің жылдық өндірістік қуаты 155 мың тонна, аумағы 650 гектар, бірінші кезең оның 208 гектарын қамтиды. Жыл соңына дейін кешеннің 40 гектар учаскесі пайдалануға берілмек. Бұл өндіріс көлемін ұлғайтып, ішкі нарықты жаңа піскен көкөніспен қамтамасыз етуге жол ашады. Бастапқы кезең толық іске қосылғаннан кейін 2 мың жұмыс орны, ал жоба толық аяқталғанда 5 мың жұмыс орны ашылмақ.
Тағы бір маңызды бөлігі – халықаралық стандарттарға сай заманауи зертханасы бар арнайы агроакадемиялық орталықтың құрылуы. Бұл орталық аграрлық сала үшін білікті кадрлар даярлауды қамтамасыз етеді.

Бүгінде еліміздегі жылыжайлар 1,3 мың гектарды құрайды, олар жылына 200 мың тонна көкөніс өндіреді. «ALSERA KZ» жылыжай кешенінің іске қосылуы еліміздегі жылыжай өнімдерінің жалпы өндірісін едәуір арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін күшейтуге және маусымаралық кезеңде импортқа тәуелділікті төмендетуге ықпал етеді.
Жылыжайдың салтанатты ашылу рәсіміне ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, Түркия Республикасының Түркістандағы Бас консулы Левент Гюржан, түрік «Alarko Holding» холдингінің басқарма төрағасы Иззет Гарих қатысты. Айдарбек Сапаровтың айтуынша, Түркия – Қазақстанның АӨК саласындағы негізгі серіктестерінің бірі. Бүгінгі таңда елімізде түрік инвесторларымен бірлесіп жалпы құны 1,1 млрд АҚШ долларын құрайтын 14 жоба жүзеге асырылуда.



