Денсаулық

Шымкентте дәрігерлер 4 жасар баланың ішіндегі үлкен ісікті алып, өмірін сақтап қалды

Іші қатты ауырып, құса берген бүлдіршін клиникалық балалар ауруханасына жеткізіле сала жалпы қан талдауы алынып, ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) жүргізілді.

Шымкент қаласында дәрігерлер 4 жасар балаға күрделі ота жасап, іш қуысынан көлемді қатерсіз ісікті сәтті алып шықты, деп жазады inbusiness.kz сайты.

– Дайындықтан кейін оған ота жасалып, іш қуысының лимфангиомасы – сирек кездесетін, бірақ көлемі ұлғайған жағдайда ішкі ағзалардың қызметіне айтарлықтай қауіп төндіретін қатерсіз ісік анықталды. Көлемі мен отаның күрделілігіне байланысты дәрігерлер лапаротомия әдісімен ісікті толық алып тастады. Сәтті өткен отадан кейін бүлдіршін бөлімшеге ауыстырылып, дәрігерлердің тұрақты бақылауында болды. Қазіргі таңда жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланып, үйіне шығарылған, – деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасы.

Мамандардың айтуынша, мұндай оталар асқан дәлдікті, кәсіби тәжірибені және заманауи медициналық жабдықтарды талап етеді. Шымкент қаласындағы медициналық ұйымдарда соңғы жылдары хирургиялық көмектің сапасын арттыруға, күрделі оталарды жергілікті деңгейде жасауға ерекше көңіл бөлініп келеді.

Күрделі ота міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында жүргізілді. Балалар ауруханасында науқастарға тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі және МӘМС пакеті шеңберінде медициналық қызметтер толық көлемде көрсетіліп жатыр.

TuraNews

Back to top button