Шымкентте 700-ден астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды
Шымкентте 700-ден астам этникалық қазақ «қандас» мәртебесін алды. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп жазады Turanews.kz.
Жыл басынан бері Шымкентке шетелден 506 отбасы көшіп келген. Ал, 714 этникалық қазақ «қандас» мәртебесін алды.
Қандастардың дені Өзбекстан Республикасынан қоныс аударған – 701 адам. Қытайдан – 3, Ресейден – 7, Қырғызстаннан – 1 және Ауғанстаннан 2 адам елге оралған. Олардың басым бөлігі құрылыс саласында жұмыс істейді, сауда-саттықпен және басқа да жалданбалы жұмыстармен айналысады.
Айта кетсек, Шымкентте 2008 жылдан бері «Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығы» қызмет етеді. Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты мекемеде қандастарға тұрмыстық, әлеуметтік, психологиялық, құқықтық тұрғыда көмектер ұсынылып, кәсіби даярлау бойынша мамандықтарға оқыту, жұмысқа орналастыру қызметтері көрсетіледі. Орталықта бүгінде 13 отбасы – 29 адам бейімдеу қызметтерін алып жатыр.
Қалалық «Еңбек мобильділігі» орталығы тарапынан 69 қандас жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылған. Атап айтқанда бос жұмыс орындарына, жастар практикасы және әлеуметтік, алғашкы және қоғамдық жұмыс орындарына жолданған. 39 адам «Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде білім алған.