Шығыстағы құтқарушылар «Балалар қауіпсіздігі – басты назарда!» атты акция өткізді
Алда – жазғы демалыс, ал құтқарушылардың басты мақсаты – балаларға қауіпсіздік шараларын үйрету. Шара аясында ШҚО ТЖД қызметкерлері «Samal» саябағында балалар үшін түрлі байқаулар, шеберлік сабақтары және шартты төтенше жағдайлардан шығу жолдарын ұйымдастырды.
Іс-шара барысында балалар су қоймасынан өту, зардап шеккен адамға алғашқы көмек көрсету, өрт сөндіру көлігінің жеңдерін пайдалана отырып шартты өртті сөндіру секілді тапсырмаларды орындады.
Сонымен қатар, бүлдіршіндер ТЖД қызметінде тұрған төрт аяқты құтқарушылармен де танысты. Акцияны өткізуге Қазақстан Республикасы Қызыл Жарты Ай қоғамының ШҚО филиалының еріктілері белсенді түрде атсалысты.
«Біз қауіпсіздік ережелерін бұзбау керектігін түсіндік. Қиындықтарды қалай жеңуге болатынын және зардап шеккен адамға алғашқы көмек көрсетуді үйрендік», – деді №20 мектеп оқушысы Ақмаржан Нұрболқызы.
«Қауіпсіздік акциясына қатысқаныма өте қуаныштымын. Кедергілер жолағынан өтіп, төтенше жағдайда қалай әрекет ету керектігін үйрендім», – деп бөлісті «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушісі Максим Орлов.
«Балалар қауіпсіздігі, әсіресе жазғы демалыс кезеңінде – біз үшін басты назарда. Мұндай акциялар мен шеберлік сабақтарының мақсаты – балалардың демалысын қауіпсіз өткізуге назар аударту. Биылғы жылдың басынан бері біздің бөлімшелер 10 баланы құтқарып, 25 баланы эвакуациялады», – деді ШҚО ТЖД бастығы Рашид Блялов.
ШҚО ТЖД мамандары ата-аналарға демалыс уақытында ерекше қырағылық танытып, балаларын қараусыз қалдырмауды ескертеді. Баланың қауіпсіздігі үшін ең алдымен ата-ана жауапты, сондықтан олардың міндеті – баласының амандығын қамтамасыз ету.
Ересектерге күнделікті тұрмыста және көшеде қауіпсіздік ережелерін түсіндіру бойынша жүйелі түрде әңгіме жүргізу қажет.
Қажет жағдайда құтқарушылардың көмегіне жүгіну үшін 112 нөміріне хабарласуға болады.