Шығыстағы балалардың құқықтарын қорғау саласындағы жетістіктер мен бастамалар
2024 жылы Қазақстан мемлекеті балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған заңнаманы жетілдіру мақсатында маңызды өзгерістер енгізді. Бұл шаралар балалар үшін, әсіресе қиын өмірлік жағдайға тап болғандарға қауіпсіз және қолайлы жағдайлар жасауға деген ерекше қамқорлықты көрсетеді.
Облыста қазіргі таңда 1222 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала бар. Оның ішінде 980 бала қорғаншылық пен патронаттық тәрбиеде болса, 342 бала төрт мемлекеттік мекемеде тәрбиеленуде. Сонымен қатар, өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды уақытша орналастыру үшін Жаңа Бұқтырма және Донское ауылдарында екі Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы, сондай-ақ Риддер қаласында Балаларды қолдау орталығы жұмыс істейді. Бұл орталықтар балаларға және олардың ата-аналарына қолдау көрсетіп, өмірлік қиын жағдайлардан шығуға көмектесуде. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 2024 жылы орталықтарға қабылданған 330 баланың 219-ы отбасына қайтарылды.
Балалардың құқықтарын қорғау саласындағы маңызды бастамалардың бірі – ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдауға бағытталған «Тәлімгерлік» жобасын жүзеге асыру. Жоба аясында «Феникс» дамыту және бейімдеу орталығының қолдауымен арнайы оқудан өткен мамандар тәлімгер ретінде тағайындалды. 2024 жылы тәлімгерлікке 30 бала қабылданып, жалпы саны 50-ге жетті. Тәлімгерлер балаларды өмірлік дағдыларға үйретіп, қоғамға бейімделуіне, сондай-ақ олардың болашақ мамандық таңдауына көмектеседі.
2011 жылдан бері облыста жүзеге асырылып келе жатқан «Мейірім» акциясы 2024 жылдан бастап республика көлемінде қолға алынды. Бұл бастама балаларға қаржылай көмек көрсетумен қатар, олардың дамуы мен болашақ өмірге бейімделуіне бағытталған. Бүгінгі таңда патронаттық тәрбиеге 342 бала қабылданып, олардың шотына 47 миллион теңгеден астам қаражат аударылды. Жалпы, 2011 жылдан бері 2040 бала патронаттық тәрбиеге алынып, 563 бала баспанаға ие болды.
2024 жылы облыста қорғаншылық және қамқоршылық органдарына қосымша 11 штат бөлініп, қазіргі таңда 36 маман қызмет атқаруда. Бұл мамандар балалардың құқықтарын қорғау және оларға қолдау көрсету бойынша жоғары деңгейде жұмыс істеуге мүмкіндік беріп отыр.
Мемлекет пен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен жұмыстары балалардың қауіпсіз өмір сүруіне және олардың құқықтарын қорғауға бағытталған. Заңнамадағы өзгерістер мен жүзеге асырылып жатқан жобалар балалардың болашағына деген ерекше қамқорлықтың дәлелі. Облыстық білім басқармасы қиын өмірлік жағдайға тап болған әр балаға қолдау көрсету үшін барлық қажетті шараларды қолға алуда.