Шығыс Қазақстан облысында «Адал азамат — адал еңбек — адал табыс» ұранымен «Қайратты жастар» жұмысшылар фестивалі басталды.
Бұған дейін жұмысшы жастар фестивалі бір күндік тимбилдинг ретінде өткізілетін еді. Биыл фестивальдің форматы өзгерді.
«Бүгін Шығыс Қазақстан облысында ондаған жылдар бойы өткізіліп келе жатқан жұмысшы жастар фестивалі басталды. Мұнда өңірдің өндіріс саласын дамытып жүрген зауыттар мен кәсіпорындардың жұмысшы жастары қатысады. Биылғы фестиваль өзгеше форматта өтеді. Яғни жарыс бір ай көлемінде спорттық және интеллектуалды ойындарды қамтиды,» — деді ШҚО ішкі саясат басқармасының басшысы Серік Жеңісұлы.
Облыстың ірі 6 кәсіпорнынан жұмысшы жастар шағын футбол, волейбол, теннис және интеллектуалды ойындарда бақ сынасатын болады. Жарыстың жүлде қоры 1,5 млн теңгені құрайды.
«Жарыстың ұйымдастырылуы жастарға үлкен септігін тигізіп жатыр. Бұл жерде футбол да бар, теннис те бар, ақыл-ойды талап ететін интеллектуалды ойындар да болады. Осындай жарыстар көп болсын, өңірдің жастарын қолдай берсе екен дейміз,» — деді Өскемен ЖЭО маманы Әлішер.
Бұл шара жұмысшы жастардың әлеуетін көтеруге, жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға және жұмысшы мамандықтардың маңызын арттыруға бағытталған.