Қоғам

Шығыс Қазақстанның ауылдық мектептерінде «Ybyrai Mektebi» жобасының үлгісімен құзырет орталықтары ашылмақ

Самар ауданының Құлынжон ауылында бүгін «Ybyrai Mektebi» жобасының жаңа кезеңі бастау алды.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев пен кәсіпкер Айдын Рахымбаев болашақта салынатын пансионат пен спорт алаңының орнына «уақыт капсуласын» салды, деп хабарлайды TuraNews.kz.

1966 жылы салынған Құлынжон мектебі бірнеше жыл бұрын жабылудың алдында тұрған. Басты себептер мұғалімдердің жетіспеушілігі, материалдық базаның әлсіздігі және оқу жағдайының жоқтығы болатын. 2022 жылы осы ауылдың тумасы, кәсіпкер Айдын Рахымбаев мектепті жаңғырту мен қайта жөндеуге 2 миллион доллар инвестиция құйды.

– Президенттің тапсырмасына сәйкес, Үкімет еліміз бойынша жайлы мектептер салып жатыр. Өз кезегінде, кәсіпкерлер бұл бастамаларды қолдауда. Бүгін меценат Айдын Рахымбаев өзінің туған ауылына келіп, белсенді түрде қолдау көрсетуде. Бұл жерде біз жаңа білім беру әдістерімен оқытатын құзырет орталығын құратын боламыз. Балалар мен мұғалімдер ғана емес, ата-аналар да бұл процеске қатысады, – деді облыс әкімі Ермек Көшербаев.

Aidyn & Anar Rakhimbayev Foundation қоры американдық университеттердің бірімен бірлесіп жүзеге асыратын «Ybyrai Mektebi» жобасы екі жыл ішінде кәдімгі ауыл мектебін заманауи білім беру орталығына айналдырды.

– Магистр дәрежесі бар мұғалімдердің үлесі 15%-дан 25%-ға дейін артты, ал түлектердің ҰБТ-дағы орташа балы 53-тен 102-ге дейін көтерілді. Оқушылар қазір робототехника, медиасауаттылық және гидропоника сияқты сұранысқа ие бағыттарды қамтитын 15 үйірмеге қатыса алады, – деді мектеп директоры Аралбек Берікұлы.

Мектептің жабдықталуы мен оқу процесінің ұйымдастырылуы заманауи талаптарға сай. Мұнда дәстүрлі парталардың орнына оқушыларға жеке жұмыс істеуге мүмкіндік беретін ыңғайлы оқу үстелдері орнатылған. Бастауыш сынып оқушылары үшін биіктігі реттелетін парталар қарастырылған, ал мектепалды даярлық сыныптардағы балаларға арналған демалыс бөлмелері төсек-орындармен жабдықталған.
Мектеп ғимаратында еркін қарым-қатынас жасауға арналған алаңдар, баспалдақты көрермен орындары мен ашық трибуналар ұйымдастырылған. Әр сыныпта кілемдер төселген, бұл оқушылардың күнді дене шынықтыру жаттығуларымен бастауына мүмкіндік береді.

Мектеп жанында табысты жұмыс істеп тұрған қауымдастық орталығы ата-аналарды білім беру процесіне тартуға және мектеп пен жергілікті қоғамдастық арасындағы байланысты нығайтуға көмектеседі.

– Осындай қауымдастық орталықтарының тәжірибесін барлық мектептерге тарату қажет, – деп атап өтті Ермек Көшербаев.

«Уақыт капсуласын» салу рәсімі мектепті дамытудың екінші кезеңінің басталу символына айналды. Жақын арада мұнда спорт алаңы мен пансионат салынып, мектеп толыққанды білім беру кешеніне айналады.
Шәкірттермен және мұғалімдермен әңгімелесу барысында облыс әкімі Ермек Көшербаев өңір әкімдігі осындай бастамаларды қолдайтынын және жобаның тәжірибесі басқа білім беру мекемелеріне таратылады деп мәлімдеді.

TuraNews

Back to top button