Шығыс Қазақстандағы Алтай ауданында тігін фабрикасы қайта жанданады
6 желтоқсан күні Өскемен қаласында «Туған жер – алтын бесігім» акциясы аясында мәдени шаралар легі өтті.
Қала тұрғындары Алтай ауданының бай дәстүрлері мен өнерімен жақын танысуға мүмкіндік алды, деп хабарлайды TuraNews.kz.
«Ертіс концерт» залында түрлі-түсті көрме ұйымдастырылды. Алтай ауданының шебер суретшілері өз туындыларын ұсынса, Николай Лукьянченко мен бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі Бауыржан Дарибаевтың шеберлік сабақтары көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Фойеде қала тұрғындарына «Тау-кен өндірісінің тарихы» залының экспозициясы мен сәндік минералдар коллекциясы ұсынылды.
Кештің бірінші бөлімінің шарықтау шегі – «Ата Дәстүр» ұжымы орындаған «Бесікке салу» дәстүрі болды. Нәрестені алғаш рет бесікке салу рәсімі көрермендердің жүрегіне жылы әсер қалдырды.
– Бұл жай ғана қойылым емес, нағыз өміршең тарих болды. Көрермендердің жанын тербетті, – деп әсерімен бөлісті Өскемен қаласының тұрғыны Гүлмира Әлімова.
Гала-концертте Алтай ауданының үздік шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті. «Зыряночка», «Гармония» би ансамбльдері, «Балагуры», «Сириус» топтары, VERO дуэті және басқа да өнерпаздар сахнаға шығып, халықаралық және республикалық байқаулардағы шеберліктерін паш етті. Көрермендер әртістерді зор қошеметпен қарсы алды.
Шара барысында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев өнер ұжымдарының жоғары шеберлігін атап өтті. Ол Алтай ауданында өз театрын құруды ұсынды. Әкімнің айтуынша, мұндай театрлар Тарбағатай ауданында бар, ал Риддер мен Зайсан қалаларында ашу жоспарланып отыр.
– Алтайлықтар бұл тұрғыда әзірге үнсіз. Сіздерде тамаша мәдениет сарайы бар. Театр аудандар арасында мәдени көпір болады, қойылымдар алмасуға, өңірлер арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік береді, – деді әкім.
Сонымен қатар, әртістердің барлық сахналық костюмдерін Алтай шеберлері өз қолымен тіккенін білген Ермек Көшербаев ауданда бұрын танымал болған тігін фабрикасын қайта жандандыруды ұсынды.
– Бір кездері атақты Зырян тігін фабрикасының дәстүрлері сол жерде жұмыс істеген шеберлердің ұрпақтарында сақталған. Сондықтан бұл істі жандандыру қажет. Инвесторлар тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және өндірісті іске қосу туралы аудан әкімімен сөйлестім, – деді ол.