Қоғам

Шығыс Қазақстанда заманауи талаптарға сай, жайлылыққа басымдық берілген жаңа форматтағы екі мектеп салынып жатыр

Шығыс Қазақстан облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылып келеді.

Биыл өңірде жаңа форматтағы екі мектептің құрылысы жүргізілуде — бірі 900 орындық мектеп Глубокое ауданының Опытное Поле ауылында, екіншісі Өскемен қаласында бой көтеруде. Бұл мектептер оқу үдерісін ұйымдастырудағы заманауи тәсілдерімен, қолайлы инфрақұрылымымен және оқушылар мен мұғалімдерге арналған кеңейтілген мүмкіндіктерімен ерекшеленеді.

Опытное Поле ауылында 300 орындық мектептің құрылысы аяқталуға жақын — нысанның дайындық деңгейі 88 пайызды құрайды. Оны маусым айының соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Ал 600 орынға арналған тағы бір мектеп облыс орталығы — Өскемен қаласында, Есенберлин даңғылында салынып жатыр. Оның дайындығы қазіргі таңда 67 пайыз, құрылыс шілде айының соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Екі нысан бойынша да жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде.

«Жайлы мектеп» жобасы өңірде бұрын басталған болатын: осы уақытқа дейін жалпы 2100 орынға арналған бес заманауи мектеп салынып, пайдалануға берілді. Бұл білім беру мекемелері Өскемен қаласындағы Увалиев пен Тимофеев көшелерінде, сондай-ақ Шемонаиха, Риддер қалаларында және Белоусовка кентінде ашылды. Барлық мектептер облыстық білім басқармасының балансына берілді.

Ұлттық жобаның мақсаты — өңірлерде қауіпсіз, қолжетімді және заманауи білім беру ортасын қалыптастыру. Жаңа мектептер арнайы жабдықталған кабинеттермен, шеберханалармен, спорт залдарымен және асханалармен қамтылған, олар энергия тиімділігі мен инклюзивтік талаптарға толық сәйкес келеді.

Шығыс Қазақстан облысы мектеп инфрақұрылымын дамытуда жүйелі тәсіл ұстанып, жобаның мүмкіндіктерін белсенді игеруде.

TuraNews

Back to top button