Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің археологиялық экспедициясы Кембридж университеті мамандарымен бірлесе қола және ерте темір дәуірі ескерткіштеріне зерттеу жүргізді, деп хабарлайды Turanews.kz.
ҚазҰУ археология, этнология және музеология кафедрасының меңгерушісі Ринат Жұматаев жетекшілік еткен қазба жұмыстары Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданы Айнабұлақ ауылы маңында жүргізілді.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, зерттеу жұмысы Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің бағдарламасы аясында жасалды.
Далалық жұмыстар барысында Айнабұлақ-Темірсу қорымының толық топографиялық жоспары түсіріліп, бірнеше оба зерттелді.
Обалардың бірінен әйел адамның жерлеу орны аршылды.
Оның жанынан қоладан жасалған ұштық пен ілгіш, қола ыдыс, 180 асық және бақаның бейнесі бар қола зат табылды.
Сонымен бірге ежелгі үш қоныс орны анықталды.
«Барлау кезінде шетелдік мамандармен бірге метал заттар, сүйектер және қабір ішіндегі топырақ бойынша далалық жағдайда сынама алынды. Алдағы уақытта толыққанды пәнаралық зерттеулер Кембридж университеті зертханасында жалғасады», – дейді экспедиция жетекшісі.