БастыҚоғам
Trending

Шығыс Қазақстанда «Аяз ата мен Ақшақар» халықаралық фестивалі өтті

ШҚО-да қысқы ертегіні көз алдыңа әкелген, елдің түкпір-түкпірінен келген қонақтар мен жергілікті тұрғындарға шаттық сыйлаған «Аяз ата, Ақшақар – 2025» халықаралық фестивалі өтті. Ауқымды мерекелік шара өңірдің бай мәдени дәстүрлерін, қысқы сауық-сайранын және туристік мүмкіндіктерін үйлестіре отырып, нағыз мерекелік рух қалыптастырды.

Фестивальдің басты мақсаты – қысқы туризмді дамыту, ұлттық және халықаралық мәдени бастамаларды қолдау, сондай-ақ Жаңа жыл қарсаңында көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлау. Биылғы фестиваль өңірлік шеңберден шығып, халықаралық деңгейге көтерілді.

Мерекелік іс-шараға Қазақстан Республикасындағы Қырғыз Республикасы мен Өзбекстан Республикасының елшіліктерінің өкілдері, сондай-ақ Ұлытау, Жетісу және Абай облыстарынан арнайы келген қонақтар қатысты. Фестивальдің көркін келтірген ерекше сәттердің бірі – 120-дан астам Аяз ата мен Ақшақар жұбының бір мезетте бас қосуы болды. Бұл көрініс шараға деген жоғары қызығушылықтың айқын дәлеліне айналды.

Фестиваль бірнеше алаңда ұйымдастырылды. 19 желтоқсанда негізгі мерекелік іс-шаралар Риддер қаласында өтсе, 20 желтоқсанда думанды кеш «Алтай Альпісі» тау-шаңғы кешенінде және Өскемен қаласында жалғасын тапты. Қатысушылар мен көрермендер үшін қысқы ойын-сауықтарға, түрлі байқаулар мен әсерлі қойылымдарға толы мазмұнды бағдарлама ұсынылды.

«Аяз ата, Ақшақар – 2025» халықаралық фестивалі өңір жұртшылығын бір арнаға тоғыстырып, ересектер мен балалардың жүрегіне жылулық ұялатты. Бұл мереке Шығыс Қазақстанның елдегі қысқы демалыс пен туризмнің маңызды орталықтарының бірі екенін тағы бір мәрте айшықтай түсті.

TuraNews

Back to top button