
Елордада «Қазақстан Республикасындағы медициналық туризмді дамыту: болашағы мен мүмкіндіктері» атты алғашқы халықаралық конференция өтті. Іс-шараға 30 елден 500-ден астам қатысушы, соның ішінде дипломатиялық миссиялардың өкілдері, Денсаулық сақтау министрлігі мен шетелдік клиникалардың мамандары қатысты.
Конференцияда Шығыс Қазақстан облысын жалғыз өңірлік өкіл – Көпсалалы онкология және хирургия орталығы таныстырды. Облыстағы онкологиялық көмекті дамыту және шетелдік пациенттерді тарту бағытындағы тәжірибесі ұсынылды.
Мекеме деректеріне сүйенсек, орталықта жыл сайын 11 мыңнан астам адам ем қабылдап, 3 мыңнан астам операция жасалады. Медициналық мекеме 3.0 Tesla қуатты МРТ, Revolution EVO компьютерлік томограф, Elekta Versa HD сызықтық үдеткіші және Exablate INSIGHTEC фокусталған ультрадыбыстық жүйесі сияқты заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген.
— Мамандарымыз шетелдік клиникаларда тәжірибеден өтті. Біз халықаралық стандарттарды енгізуге ұмтыламыз, сонда ғана пациенттер сапалы медициналық көмекті өз елімізде ала алады, — деді орталық директоры Гүлмира Сағидуллина.
Онкоорталықта медициналық туризм бөлімі құрылып, шетел азаматтарына арналған check-up бағдарламалары мен жеке қызмет пакеттері әзірленген. Бүгінде Шығыс Қазақстанға емделу үшін Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Беларусь және өзге де елдердің пациенттері келуде.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, медициналық туризмді дамыту — денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады.



