БастыЭкономика

Шығыс Қазақстан – инвестициялар, цифрлық технологиялар және заманауи білім беру өңірі

ШҚО негізгі бағыттар бойынша тұрақты даму қарқынын көрсетіп отыр – инвестициялар тартудан бастап ауылдарды цифрландыруға және жаңа оқу жылына мектептерді дайындауға дейін. 

2025 жылдың I тоқсанының қорытындысы бойынша тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 239 млрд теңгені құрады, бұл жылдық жоспардың 17,9%-ына сәйкес келеді. Өңірде Қытай, Ресей, Германия және Түркия инвесторларымен бірлескен жеті жоба жүзеге асырылуда. Жалпы құны – 344 млрд теңге.

Ірі бастамалардың бірі – Германия инвесторымен бірлесіп литий өндіру және өңдеу жөніндегі тау-кен байыту комбинатын салу. Жобаның құны – 235 млрд теңге. Қазіргі уақытта «HMS Bergbau AG» компаниясы «Алатау Литий» ЖШС, «Qazaq Lithium» ЖШС және «Bergbau Altai» ЖШС-мен бірлесіп литий кен орындарына барлау жұмыстарын жүргізуде. Кешенді барлау кезеңі шамамен 3–4 жылға созылады деп болжануда. Егер жерасты игеруге жарамды коммерциялық қорлар анықталса, кен өндіретін кәсіпорындар мен бастапқы байыту кешендері салынады. Олар бірнеше түрлі концентрат өндіретін болады.

2025 жылдың жеті айында өңірге 384,6 млрд теңге инвестиция тартылды — өсім 112%-ды құрады. Жыл соңына дейін жалпы құны 104 млрд теңгені құрайтын 11 ірі жобаны іске қосу жоспарланған. Салалық құрылымда: өнеркәсіп, энергетика және логистика – 242 млрд теңге, АӨК – 60 млрд теңге, сауда мен туризм – 26,7 млрд теңге қарастырылған. Елеулі инвестициялар өндірістік жабдықтарды жаңғыртуға бағытталды:

• «Казцинк» ЖШС – 86,1 млрд теңге,

• «Востокцветмет» ЖШС – 27 млрд теңге,

• «Востокмашзавод» АҚ – 34,2 млрд теңге.

Телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту өңірдің басым бағыттарының бірі болып қала береді. Бүгінде интернетке 234 елді мекен қосылған, бұл облыс халқының 97,1%-ын қамтиды. 2025 жылдың соңына дейін тағы 57 ауылды, ал 2027 жылға дейін барлық қиын қолжетімді елді мекендерді қосу көзделген.

Өскемен қаласында жаңа буын мобильді байланысы белсенді енгізілуде: бүгінде 32 базалық 5G станциясы орнатылған, жыл соңына дейін олардың саны 62-ге жетеді. Сонымен қатар, «Қазақтелеком» АҚ «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 188 әлеуметтік маңызы бар нысанды жоғары жылдамдықты желіге қосуды жүргізіп жатыр.

1 қыркүйекте ШҚО-да 99 107 оқушы мектепке барады, оның ішінде 9 729-ы – бірінші сынып оқушылары. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында өңірде 3 мың орындық алты жаңа мектеп салынды, Өскемен қаласындағы тағы бір мектептің құрылысы аяқталуға жақын.

92 білім беру ұйымын жөндеуге 2 684,2 млн теңге бөлінді. Бұдан бөлек, мектептер химия, физика, биология, STEM және робототехника бағытындағы 40 заманауи кабинетпен жабдықталады.

ТжКБ жүйесінде 19 966 студент білім алуда, олардың 83,8%-ы – мемлекеттік тапсырыс бойынша. «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында жаңа бағыттар ашылуда: ұшқышсыз әуе жүйелері, әуе тасымалдарын ұйымдастыру, логистика, су көлігін пайдалану және т.б. Осы мамандықтарға 290 грант бөлінген.

2025 жылы 48 982 оқушы ыстық тамақпен қамтылады, ал 20 518 әлеуметтік осал отбасыдан шыққан балаға мектеп формасы мен аяқ киім беріледі. Қазіргі таңда оқушыларды 127 мектеп автобусы тасымалдайды, алайда парк жаңартуды қажет етеді – жаңа көлік сатып алу мүмкіндігі қарастырылуда.

Шілде айында өңір өзінің инвестициялық әлеуетін ұсынып, шетелдік инвесторларға ашық жобаларын таныстырды. Ал қыркүйекте Өскеменде «Altai Invest-2025» халықаралық форумы өтеді. Онда шетелдік серіктестермен жаңа келісімдерге қол қою жоспарлануда.

TuraNews

Back to top button