ҚоғамТехнология

ШҚО:республикадағы алғашқы “Кибертрон” жобасының оқыту семинары өтті

Курста дәрістер, тренингтер мен тәжірибелік сағаттар өтеді.

С. Аманжолов атындағы ШҚУ мамандары ШҚО Полиция департаменті, облыстық прокуратура және ШҚО ішкі саясат басқармасымен бірлесіп, студенттер мен оқытушыларға арналған цифрлық қауіпсіздік бойынша инновациялық оқыту курсын әзірледі. Бірлескен жұмыс халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға және киберқауіпсіздік мәселелері жөнінде ақпараттандыруға бағытталған.

– Елімізде жыл сайын 20 мыңнан астам интернет-алаяқтық фактісі тіркеледі. 2024 жылы зардап шеккен қазақстандықтарға 1 млрд 400 млн теңге қайтарылды. Өзекті мәселенің алдын алу және күресу мақсатында осы курсты әзірледік, – деді ШҚО ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Дархан Камалханов.

Бір ай көлемінде аптасына бір рет өтетін сабақты ШҚО ПД киберқылмысқа қарсы күрес бөлімінің аға жедел уәкілі полиция аға лейтенанты Нұрай Арыстанбек өткізеді. Курста дәрістер, тренингтер мен тәжірибелік сағаттар өтеді. Оқуды сәтті аяқтаған білім алушыларға арнайы сертификаттар табысталып,цифрлық қауіпсіздік бойынша ерікті жаттықтырушы мәртебесі беріледі. Айта кетейік, курсқа кез келген мамандықтағы студенттер қатыса алады.

– Мұндай курс технологиялардың қарқынды дамуына байланысты туындаған замануи сын-қатерлер кезінде тиімді әрекет етуге мүмкіндік береді. Жастардың бұл бастамаға белсенді қатысуы үлкен маңызға ие. Біздің студенттер курсты бітірген соң өңірдегі, қаладағы қарттарға көмектесетін цифрлы еріктілердің қатарына қосыла алады, — деді ШҚУ-дың стратегиялық даму және халықаралық қатынастар жөніндегі проректоры Ирина Ровнякова.

Алғашқы сабақ ашық дәріс форматында өтті. Спикер Нұрай Арыстанбек интернеттегі қауіп-қатер түрлері туралы баяндады. Оның айтуынша, қылмыскерлер үнемі жаңа әдістерді қолданып, оңай беріле қоймайды. Ең көп таралған алаяқтық қатарында фишинг немесе әлеуметтік инженерия, жасанды интеллект көмегімен шабуылдар, спуфинг және зиянды бағдарламалар бар.

Сарапшы интернет пайдаланушылары үшін негізгі ұсыныстарды да атап өтті. Олар – операциялық жүйені тұрақты түрде жаңарту, сенімді антивирус бағдарламасын орнату және күрделі құпиясөздер комбинациясын қолдану.

TuraNews

Back to top button