Қоғам

ШҚО студенттері экологиялық сауаттылықты арттыратын болады

«Таза Қазақстан» бағдарламасы бойынша іс-шараларды ұйымдастыру жалғасуда.

Ағымдағы жылдың 30 қазан күні сағат 11.00-де «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында қоршаған ортаға ұқыпты қарауды және «Эко сақшы» жобасын іске асыруды талқылау бойынша Өскемен көпсалалы технологиялық колледжінде (Лермонтов көшесі, 50) «қоғамның экологиялық даму орталығы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Танир Яссы мен ҚР Президенті жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшесі, Өскемен қалалық мәслихатының депутаты Ербол Бақытжан Ерболқызының студент жастармен кездесуі ұйымдастырылды.

«Эко сақшы» ағымдағы жылдың маусым айынан бастап іске асырылып жатқан пилоттық жоба болып табылады. Жобаға өңірдің әрбір ауылдық округінен 120 жас қатысты.

Жобаның негізгі мақсаты эко-волонтерлердің жұмысын үйлестіру, жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру болып табылады.

Бүгінгі таңда экосақшылар 73 іс-шара өткізіп, ауыл тұрғындары, жастар, эко-белсенділер, кәсіпорындар мен мекемелердің қызметкерлерінің көмегімен қоғамдық орындар мен аула аумақтарынан 10 тоннадан астам қоқыс жинады.

Облыстың барлық қалалары мен аудандарында еріктілер үшін оқыту семинарлары ұйымдастырылып, сенбіліктер өткізілді.

Бүгінгі таңда «Таза Қазақстан» бағдарламасы бойынша 204 саябақ пен скверді, 323 тарихи-мәдени ескерткіш пен 859 әлеуметтік нысанды тазарту жұмыстары жүргізілді. 7 мың су нысаны, 26 субұрқақ, 370 шақырым арық тазартылды. Елді мекендердің 82 мың аула аумағынан 29 мың тонна қоқыс шығарылды. Облыстың елді мекендері мен орман қорында 75 мыңнан астам көшет отырғызылды.

Бұдан басқа, халықтан өтінімдерді пысықтау бойынша қолжетімді платформаны қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы жылдың 5 шілдесінен бастап «TazaQazBot» телеграмм боты іске қосылды. Осылайша, «Таза Қазақстан» акциясы басталғаннан бері полиция департаменті абаттандыру ережелеріне қатысты 5967 бұзушылықты анықтап, 25,9 млн теңгеге әкімшілік айыппұл салды.

TuraNews

Back to top button