23–24 қыркүйек күндері ШҚО-да, Өскемен қаласында Республикалық Достық үйлері Конгресі өтеді. Форум қоғамдағы келісімді нығайтуға, мәдени көптүрлілікті ілгерілетуге және ашық диалогқа арналған кең ауқымды алаң болмақ.
Шараға республикалық және өңірлік Достық үйлерінің өкілдері, этномәдени бірлестіктер, сарапшылар қауымы, жастар және мемлекеттік органдардан 100-ден астам қатысушы жиналды. Құрметті қонақтардың қатарында – Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Алмасұлы Әзілханов бар.
Пленарлық отырыстың негізгі тақырыбы – этносаралық келісім тетіктерін дамыту және Достық үйлерінің жұмысындағы жаңа бағыттар. Бағдарламада ерекше орын алған «Достық тәжірибелері: тиімді үлгілер» атты сараптамалық сессия Сол жағалаудағы музей кешеніндегі этноауылда өтеді. Бұл ерекше кеңістік дәстүр мен заманауи бастамаларды тоғыстырған мәдени диалогтың нышанына айналады.
Конгресс аясында қатысушылар ШҚО Қазақстан халқы Ассамблеясының Жастар театрының қойылымын да тамашалайды. Заманауи ой-толғамдар мен ұлттық құндылықтарды ұштастырған спектакль жастардың келісім мен мәдени көптүрлілікке көзқарасын бейнелейді.
Форумның қорытынды кезеңі – Риддер қаласында өтетін «Ассамблея жастары» жастар мектебі болмақ. Ашық пікірталас форматында жас делегаттар қоғамдық өмірге қатысу жолдарын және бірлік пен ынтымақты нығайтудағы өз рөлдерін талқылайды.
Республикалық Достық үйлері Конгресі өңіраралық ынтымақтастықты дамытуға және ұлттық бірліктің басты күші саналатын жастар бастамаларын қолдауға бағытталған маңызды қадам болмақ.