БастыҚоғам

ШҚО-ның цифрлық трансформациясы: ақылды қалалар, инновациялар және креативті экономика

Шығыс Қазақстан облысы цифрландыру бағытында қарқынды дамып, заманауи технологияларды түрлі салаларға енгізіп келеді.

Өңірде “ақылды” қалаларды дамыту, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру, IT-стартаптарды қолдау және интернетке қолжетімділікті кеңейту бойынша ауқымды жобалар жүзеге асырылуда.

Қалаларды цифрландыру – өңірдің негізгі басымдықтарының бірі. Қазіргі уақытта 26 цифрлық бастама іске асырылып, олардың үшеуі жасанды интеллект (AI) технологияларын қолданады. Осылайша,  денсаулық сақтау саласында “PACS” атты интеллектуалды жүйе енгізілді. Ол онкологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтауға көмектеседі. Қазір бұл жүйе 20 медициналық мекемеде жұмыс істеп, жасанды интеллект арқылы 13 мыңнан астам медициналық суретті өңдеді.

Сонымен қатар, мемлекеттік органдардағы бизнес-процестер автоматтандырылып, деректердің цифрлық тізілімдері жасалды, есептілік жүйелендірілді және маңызды құжаттар цифрландырылды. 2025 жылы осындай жұмыстар білім, мәдениет және энергетика басқармаларында да жүргізілетін болады.

— Өңірдің қауіпсіздігіне тағы бір қадам – «O.P.E.R» интеллектуалды бейнабақылау жүйесі. Облыс бойынша 5000-нан астам бейнекамера жұмыс істеп тұр, олардың 300-і видеоаналитика мүмкіндігіне ие. Бұл технология құқық қорғау органдарына жылдам әрекет етуге және қоғамдық тәртіпті жақсартуға көмектеседі. Осы жобалардың арқасында Шығыс Қазақстан облысы «ақылды» өңірлер ұлттық рейтингінде 77 ұпай жинап, үздік үштікке енді,- деп атап өтті цифрландыру және ақпараттандыруды дамыту бөлімінің басшысы Арнұр Тұраров.

Өңірде ақпараттық технологияларды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. 2024 жылы облыста 96 IT-шара өткізілді, олардың ішінде хакатондар, мастер-кластар, бизнес-форумдар және тренингтер бар. Бұл іс-шараларға 3107 IT-маман қатысты, ал 95 үздік стартапқа қаржылай және әкімшілік қолдау көрсетілді.

2025 жылдың басында өткен Digital Almaty 2025 халықаралық форумында DOGS командасы “Best AI Startup Idea” номинациясын жеңіп алды. Олардың LIFT жобасы – блокчейн және жаңа технологияларды үйренуге арналған білім беру платформасы. Бұл жетістік Шығыс Қазақстан жастарының жоғары технологиялар саласында бәсекеге қабілетті екенін дәлелдейді.

Өңірдегі цифрлық бастамаларды тиімді басқару үшін “Битрикс24” жүйесі енгізілді. Бұл жүйе жобалардың орындалуын онлайн бақылауға, міндеттерді автоматтандыруға және жұмысты үйлестіруге мүмкіндік береді.
Бірінші кезеңде жүйеге Өскемендегі Гематология орталығы мен Риддер қаласындағы 600 орындық мектеп енгізілді. Гематология орталығының құрылысы 2020 жылдан бері жүріп жатыр, қазіргі уақытта 80%-ға дайын және 2025 жылдың соңына дейін аяқталады. Ал Риддердегі мектеп құрылысы басталып, қажетті келісімшарттар жасалды.

Аймақта интернет инфрақұрылымын дамыту басты назарда. Қазіргі таңда 219 елді мекен (96,7% тұрғын) интернетпен қамтылған. Қалған 138 елді мекен 2027 жылға дейін желіге қосылуы тиіс, алайда жергілікті билік бұл жұмысты 2026 жылға дейін жеделдетуді жоспарлап отыр.

Интернет сапасын жақсарту үшін:
• 160 мектеп Starlink спутниктік интернетімен жабдықталды.
• республикалық жолдар бойында 25 антенна-мачталық құрылым салынуда;
• Өскемен қаласындағы «ақ дақтарды» жою үшін талшықты-оптикалық байланыс желілері тартылуда.

Шығыс Қазақстан заманауи технологияларға, цифрлық қауіпсіздікке және халықтың жайлылығына басымдық беріп келеді. Жасанды интеллектті қолдану, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру, IT-стартаптарды қолдау және жоғары жылдамдықты интернетті дамыту – өңірді технологиялық тұрғыдан дамыған аймаққа айналдыратын маңызды қадамдар.

Шығыс Қазақстан цифрлық болашаққа нық сеніммен қадам басып, цифрлық технологиялар арқылы әрбір азаматтың өмір сүру сапасын жақсартуға ұмтылуда.

TuraNews

Back to top button