ШҚО мектептерінде соңғы қоңырау соғылды
ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов Шоқан Уәлиханов атындағы №3 мектеп-лицейіне барып, мектеп бітіруші түлектерді оқу орнын аяқтауымен, ал басқа оқушыларды 2024–2025 оқу жылының аяқталуымен және жазғы демалыстың басталуымен құттықтап, оларға жақсы демалыс тіледі.
Айта кету керек, бұл – облыс әкімінің аталмыш мектепке алғашқы сапары.
Биыл өңірде 9104 тоғызыншы сынып оқушысы мен 4430 он бірінші сынып оқушысы мектеп бітіріп жатыр. «Алтын белгіге» үміткерлер саны – 368, үздік аттестатқа – 403. Жоғары оқу орындарына 3342 түлек, ал колледждерге 316 түлек оқуға түспек. Түлектердің 90%-дан астамы сынама ҰБТ-дан сәтті өтті.
Оқушылар жазғы демалыста болған кезде мектептерде жөндеу жұмыстары жүргізіледі. «2025–2027 жылдарға арналған 1300 мектепті жаңғырту» бағдарламасы аясында облыста 4,4 млрд теңгеге бес мектепте күрделі жөндеу жоспарланған, ал 60 білім беру ұйымында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Барлық жұмыстар жаңа 2025–2026 оқу жылына дейін, яғни 1 қыркүйекке дейін аяқталып, балалар жаңартылған сыныптарда оқуларын жалғастыратын болады.