
Ашық аспан астында өткен бұл мәдени шара барысында Шығыс Қазақстан облысына қарасты ауыл, аудан және қала мәдени ошақтарының үздік қызметкерлері марапатталды, деп хабарлайды TuraNews.kz.
Облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев өңір басшысының құттықтауын жеткізіп, мәдениет саласының маңыздылығына тоқталды.
– Мәдениет – кез келген ел үшін ерекше мәнге ие сала. Экономикалық әл-ауқатпен қатар, өркениеті биік, рухани бай мемлекет болу жолында мәдениеттің орны зор. Сондықтан мәдениет саласы – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Бұл салада атқарылып жатқан жұмыстар елдің мәдени мұрасын сақтап, рухани байлығын арттыруға бағытталған, – деді Ербол Жолдаспекұлы.
Бүгінде Шығыс Қазақстан облысында 170 кітапхана мен клуб, сондай-ақ 6 музей халыққа қызмет көрсетуде. Мерекелік шара барысында ел сүйіспеншілігіне бөленген әншілер мен әртістермен қатар, кітапхана мен мәдениет үйлерінің қызметкерлері де марапатталып, алғыс хаттарға ие болды.
– 20 азамат облыс әкімінің қабылдауында болып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың марапаттарына ие болды. Бұдан бөлек, елордадан арнайы келген алғыс хаттар мен марапаттарды бүгінгі салтанатты шарада табыстап отырмыз. Мерекелік іс-шараларға белсенді атсалысқан барша қызметкерлер марапатқа ие болды, – деді ШҚО Мәдениет басқармасының басшысы Самат Қасенов.
Өңірдің рухани өміріне сүбелі үлес қосып жүрген азаматтардың құрметіне концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Кеш барысында «Экстази» шоу-балеті, Шығыс Қазақстан облыстық драма және опера-оперетта театрының әртістері, сондай-ақ Халық әртістері Абдуллиндер атындағы ШҚӨУ-дің «In coro» вокалдық тобы өнер көрсетті. Сонымен қатар Шығыс Қазақстан өнер мұражайының көркемөнер көрмесі, қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі мен фотокөрме көпшілік назарына ұсынылды.