ШҚО: жылыту маусымы кезеңіндегі қауіпсіздік шаралары туралы

БАҚ-пен өткен брифингте ШҚО ТЖД мамандары, жылыту маусымына дайындық аясында ең алдымен әлеуметтік осал топтарға жататын тұрғындардың үйлерінде мониторинг жүргізілгенін айтты. Барлығы 2763 үйге барып шықты, деп хабарлайды TuraNews.kz.
Бүгінгі күні 1642 үйде азаматтық қорғау органдарының, жергілікті атқарушы органдардың, полицияның, әлеуметтік қорғау қызметінің өкілдері мен еріктілерден құралған комиссиялық топ тексеру жүргізді. 355 үйде өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзудың 406 бұзушылығы анықталды. Көбіне бұл бұзушылықтар пештердегі жарықтар мен саңылауларға, бітелген мұржаларға, пештердің жанында тұрған тез тұтанғыш заттарға, сондай-ақ электр құралдары мен желілерін дұрыс пайдаланбауға байланысты болды.
Әрбір үй иесімен ТЖ қызметкерлері өрттің алдын алу және пешті дұрыс пайдалану бойынша нұсқаулық өткізді.
Жергілікті атқарушы органдардың көмегімен, аталған тізімдегі мұқтаж және жүріп-тұруы шектеулі азаматтардың 14 үйінде анықталған бұзушылықтар сол жерде жойылды.
Тұрғын секторда жүргізілген ауқымды профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде өрттен қаза болғандар саны 17%-ға азайды және 14 адамды құрады.
Пешпен жылытылатын үйлерде тұратын әлеуметтік осал топтағы азаматтар үшін иісті газ датчиктерін орнату және бұрын қойылған датчиктерге мониторинг жүргізу жұмыстары жалғасуда. Орнатылғандардың басым бөлігі жұмыс істеп тұр, азаматтарға батарейкаларды уақтылы ауыстыру қажеттілігі ескертілді. Бүгінгі таңда бұл санаттағы үйлердің 86%-ы иіс газ датчиктерімен қамтылған. Жалпы облыс бойынша әлеуметтік осал азаматтар тұратын үйлерге 17247 датчик орнатылды. Осы датчиктердің арқасында орнатылған кезеңнен бастап 42 адам, оның ішінде 31 бала құтқарылды.
Сонымен бірге, ағымдағы жылдың басынан бері 21 адам иісті газбен уланған, оның ішінде 2 адам қаза тапты.
Өрт пен иісті газбен уланудан болатын қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін, жеке тұрғын үй секторындағы тұрғындарға пешті қысқа алдын ала дайындап, өрт қауіпсіздігінің қарапайым ережелерін тұрақты түрде сақтау қажет.
ШҚО ТЖД пешпен жылытылатын үйлердің иелеріне жылыту маусымы кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауды еске салады:
Күйеден тазалау жылыту маусымы басталғанға дейін және оның барысында кемінде:
1. үш айда бір рет – жылытатын пештер үшін;
2. екі айда бір рет – үздіксіз жұмыс істейтін пештер мен ошақтар үшін жүргізілуі тиіс.
Түтін құбырлары мен қабырғалары әктелуі қажет.
Пешпен жылыту кезінде тыйым салынады:
• жағылып жатқан пешті қараусыз қалдыруға және оларды бақылауды балаларға тапсыруға;
• қатты отынмен жағылатын пештерді тұтандыру үшін тез тұтанғыш және жанғыш сұйықтықтарды қолдануға;
• пешті шамадан тыс қыздыруға;
• жобалау нормаларымен қарастырылмаған тесіктері жоқ жапқыштарды пайдалануға;
• ақауы, жарықтары мен саңылаулары бар пештерді жағуға.
Күл мен қалдықтарыд, ішінде жалынсыз жанып жатқан немесе шоқтары бар материалдарды пештен шығарғаннан кейін, өрт шығу мүмкіндігін болдырмайтын арнайы орынға шығарып, сумен сөндіру қажет.