ШҚО делегациясы ITB Berlin көрмесінде Германияның туристік қауымдастықтарымен келіссөздер жүргізді
Шығыс Қазақстан облысының делегациясы халықаралық ITB Berlin туристік көрмесі аясында Германияның жетекші туристік бірлестіктерімен екіжақты B2B-кездесулер өткізді. Келіссөздер форум алаңында өтіп, тікелей іскерлік байланыстар орнатуға және өңірдің туристік әлеуетін еуропалық нарықта ілгерілетуге бағытталды.
Алғашқы кездесу Германия туристік индустриясының ең ірі кәсіби қауымдастығы – Deutscher Reiseverband (DRV) өкілдерімен өтті. Сондай-ақ Германиядағы тәуелсіз туристік компанияларды біріктіретін Allianz Selbständiger Reiseunternehmen (ASR) қауымдастығының өкілдерімен келіссөздер жүргізілді.
Кездесулер барысында Шығыс Қазақстан облысының өкілдері өңірдің туристік мүмкіндіктерін таныстырды. Әсіресе аутентті, табиғи және экологиялық туризмді дамытуға, сондай-ақ еуропалық саяхатшыларға арналған арнайы туристік өнімдерді қалыптастыру мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.
Келіссөздердің негізгі мақсаты – тұрақты серіктестік байланыстар орнату, Шығыс Қазақстанның бірегей туристік бағыттарын ілгерілету және кірме туризм саласындағы ынтымақтастықты дамыту болды.
Сонымен қатар тараптар қауіпсіздік мәселелеріне, көлік логистикасына, сервистік инфрақұрылым деңгейіне және өңірдің Еуропалық одақ елдерінен келетін ұйымдастырылған туристік топтарды қабылдауға дайындығына ерекше көңіл бөлді.
Келіссөздер қорытындысы бойынша Германия туроператорларының Шығыс Қазақстан облысына таныстыру сапарын ұйымдастыру мүмкіндігі талқыланды. Мұндай ақпараттық тур неміс туристік бизнесінің өкілдеріне өңірдің табиғи ландшафттарын, орналастыру нысандарын, туристік маршруттарын және серіктестік бағдарламаларды дамыту әлеуетін өз көздерімен көруге мүмкіндік береді.
Бұл қадам ұзақ мерзімді ынтымақтастықты қалыптастыруға және ШҚО туристік ұсыныстарының еуропалық нарықтағы үлесін кеңейтуге маңызды негіз болады деп күтілуде.
Қазақстанның көрмеге қатысуының маңызды нәтижелерінің бірі – ҚР Туризм және спорт министрлігі мен Deutscher Reiseverband (DRV) арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы болды.
Қол жеткізілген келісімдерге сәйкес, 2026 жылдың тамыз айында Астанада DRV Destination Forum өткізіледі. Іс-шара бағдарламасына Қазақстанның туристік мүмкіндіктерін таныстыру, неміс туроператорларымен B2B-келіссөздер өткізу, сондай-ақ елдің негізгі туристік бағыттары мен инфрақұрылымымен танысу кіреді.
Келісімнің басты мақсаты – Қазақстан бойынша турларды жетекші неміс туроператорларының каталогтарына енгізу және оларды Германия нарығында белсенді түрде ілгерілету.
Меморандумға қол қою және форум өткізу Қазақстанның халықаралық әріптестікті кеңейту, кірме туристік ағындарды әртараптандыру және елдің бәсекеге қабілетті туристік бағыт ретіндегі имиджін нығайту бағытындағы жүйелі жұмысының жалғасы болып табылады.



