ШҚО-дағы Тарбағатайдың 62 тұрғынына жаңа үйлердің кілттері табысталды
Тәуелсіздік күніне орай Тарбағатай ауданында «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында салынған 62 жаңа пәтердің иелері өз қоныстарына қол жеткізді.
Бұл шара – аудан тұрғындарын баспанамен қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылған мемлекеттік бағдарламаның бір бөлігі, деп хабарлайды TuraNews.kz.
— Жүйелі түрде жүзеге асырылып отырған мемлекеттік саясаттың нәтижесінде біз аудан бойынша аз қамтылған және көпбалалы отбасыларын толық баспанамен қамтамасыз етіп отырмыз. Алдағы уақытта тұрғын үй кезегінде тұрған басқа санаттағы жерлестерімізге үй салу жұмысын қолға алатын боламыз, – деді Тарбағатай ауданының әкімі Дархан Жөргекбаев салтанатты жиында.
Аудандағы құрылыс жұмыстарының нәтижесінде Ақжар ауылында жаңадан екі ықшам аудан пайда болды. Биыл 62 баспана салынған болса, өткен жылы 27, ал 2022 жылы 14 баспана пайдалануға берілді. Осылайша, соңғы үш жылда 103 отбасы жаңа үйге қол жеткізді.
Сонымен қатар, биыл Жаңаауыл, Қарасу, Байтоғас, Маңырақ ауылдарында қоспәтерлі тұрғын үйлер салынды. Бұл шаралар Тарбағатай ауданында тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған жұмыстардың маңызды бөлігін құрайды.