Қоғам

ШҚО-дағы тағы бір елді мекенде тазалық жұмыстары жүргізілді

Шығыс өңірінде «Таза Qazaqstan» республикалық акциясы аясында басталған жұмыстар әлі де жалғасып жатыр. Бүгін Глубокое ауданындағы Опытное поле ауылында тазалық жұмыстары жүргізілді.

«Таза бейсенбі» деп аталған іс-шараға жүзден астам адам қатысты.

Экологиялық акцияның басты мақсаты – жұртшылықты қоршаған ортаны қорғауға, тазалықты сақтауға шақырып, экологиялық мәдениетті қалыптастыру.

Опытное поле ауылындағы тазалық жұмыстарына «AMANAT» партиясының облыстық филиалының қызметкерлерімен қатар «Жастар рухы» Жастар қанатының өкілдері қатысты.

Сондай-ақ бастауыш партия ұйымдарының депутаттары және ауыл тұрғындары да белсенділік танытты.
Бұл кеше Ұлан ауданының Таврия ауылында жүргізілген жұмыстың жалғасы. Ол кезде мың жарым адам іске жұмылып, 300 тонна қоқыс шығарған болатын. Бүгін акцияға қатысушылар ауыл мен облыс орталығын қосатын жолдың бойын тазалап, абаттандыру жұмыстарын жүргізеді.

– «Таза бейсенбі» акциясы облыс көлемінде жүріп жатыр. Кеше мың жарымнан астам адам бір кісідей жұмылып, 12 учаскені тазаладық. Бүгін бұл жұмыс Опытное поле ауылында жалғасты. Облыс орталығына апаратын жолдың жиегіндегі қоқыстарды жинап, ағаштардың түбін әктеп, көгалды ретке келтірдік. Бұл іс-шараға жүзден астам адам жиналды. Ісіміз өнімді болды. Бұл акция осымен тоқтап қалмайды. Алдағы уақытта сенбі сайын тазалық жұмыстарын жүргіземіз, – деді «AMANAT» партиясы ШҚОФ атқарушы хатшысының орынбасары Аманбай Нұркенов.

Аталмыш шараға ауыл кәсіпкерлері де атсалысқанын айта кетуге тиіспіз. Қоқыс жинауға бес арнайы техника жұмылдырылды.

– Біздің аудан «Таза Қазақстан» акциясына белсенді қатысуда. Аймақ бойынша өтіп жатқан науқанды Опытное поле ауылында «Таза бейсенбі» іс-шарасымен жалғастырдық. Жалпы сенбілікке көктем басталғалы қатысып келемін. Осыған дейін жағалауды қоқыстан тазартып, гүлдер отырғыздық. Барлық ауыл тұрғындарын өз жерімізді таза ұстап, осындай акцияларға белсенді қатысуға шақырамын, – деді «Amanat» партиясының Глубокое аудандық филиалының төрағасы Анна Кузнецова.

Жалпы, Шығыс Қазақстан облысы бойынша республикалық экологиялық акцияға 15 мың ұйым мен заңды тұлға қатысып, 82 мың аула аумағы, 89 мың жеке тұрғын үй аумағы қамтылды.

 

Сенбіліктерге 461 мыңнан астам адам қатысып, 6 мыңнан астам техника жұмылдырылды, 26 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылды, 41 мыңнан астам көшет отырғызылды.

TuraNews

Back to top button