Қоғам

ШҚО-дағы жастардың қаржылық қауіпсіздігі: форум және Ұлттық олимпиадаға дайындық

Ағымдағы жылдың 8 сәуірінде С. Аманжолов атындағы ШҚУ-да ШҚО бойынша Экономикалық тергеп-тексеру Департаменті ұйымдастырған қаржылық қауіпсіздік жөніндегі оқыту форумы өтті.

Бұл шара жастарды қаржылық қауіп-қатерлерден қорғауға бағытталған «Заң және тәртіп» бағдарламасының аясында ұйымдастырылды.

Іс-шараға ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов, мемлекеттік органдардың өкілдері, оқытушылар мен студенттер қатысты. Шараның негізгі мақсаты — жастардың қаржылық және құқықтық сауаттылығын арттырып, қаржы саласындағы қауіптерді айқындау дағдыларын дамыту.

— Қазір көптеген студенттер қылмыстық схемалардың құрбаны болуда. Бұл білім мен мұндай қаржылық операцияларға иммунитеттің болмауынан орын алады. Сондықтан біз Қаржылық мониторинг агенттігімен бірлесіп жұмыс жасап, қаржылық иммунитет пен мәдениетті қалыптастыруға тырысып жатырмыз. Осылайша сіздер алаяқтықты бірден анықтай аласыздар. Біз сіздерге толық сенеміз және олимпиадада терең біліміңізді жоғары деңгейде көрсететініңізге тілектеспіз, — деп атап өтті облыс әкімі.

Қатысушылар қазіргі заманғы алаяқтық схемалар, дропперлер және жеке қаржыны қорғаудың тәсілдері жайында пікір алмасты. Студенттер қаржылық қауіптер мен оларды анықтау жолдарын үйренді. ШҚУ ректоры Мұхтар Төлегеннің айтуынша, университет пен «Шабыт» театры халықты қаржылық қауіпсіздік жөнінде ақпараттандыру жұмыстарын қойылымдар арқылы жалғастырады.

Форум қаржылық қауіпсіздік бойынша алғашқы Ұлттық олимпиадаға дайындықты бастады. Олимпиада үш кезеңнен тұрады: онлайн-тест, эссе жазу және финал — интеллектуалды ойындар мен фиджитал-шахмат. Жеңімпаздар Ресейде өтетін Халықаралық олимпиадаға қатыса алады.

Сәуірдің 7-11 аралығында өңірдегі жоғары оқу орындары мен колледждерде Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері цифрлық алаяқтық, деректерді қорғау және қаржылық қауіпсіздік тақырыптарына арналған дәрістер өткізуде. Бұл шаралар шамамен 32 мың студентті қамтиды.

Дәрістер интерактивті ойындар, акциялар және флешмобтар арқылы өткізіліп, «Біз қаржылық қауіпсіздік үшін!» және «Дропперлерге NO!» ұрандарымен қорытындылануда. Бұл жастардың тақырыпқа деген жоғары қызығушылығын көрсетеді.

— Біз осы іс-шаралар студенттерге тек теориялық білім беріп қана қоймай, қаржылық мүдделерін қорғауға қажетті практикалық дағдыларды игеруге де мүмкіндік беретініне сенімдіміз, — деп атап өтті ШҚО бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Арман Жүнісов.

TuraNews

Back to top button