Саясат

ШҚО-дағы ауылдық округтердің әкімдері елдің басты диалог алаңында

Бүгін Астанада Президенттің қатысуымен «Ауыл әкімдерінің диалог платформасы» форумы өтіп жатыр. Алқалы жиын елді мекендерді дамытуға және жергілікті әкімдердің рөлін күшейтуге бағытталған. Форумға Шығыс Қазақстан атынан 87 ауыл әкімі қатысуда.

Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерінің өкілеттіктерін «нақты іс жүзінде тиімді болатындай» күшейту керектігін атап өтті. Бұл ауылдардағы абаттандыру, инфрақұрылым, арнайы техникамен қамтамасыз ету және ауыл тұрғындарының өмір сапасына тікелей әсер ететін өзге де мәселелерді жедел шешу үшін маңызды. Айта кетейік, қазір Мәжілісте «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңға енгізілетін өзгерістер қаралып жатыр. Онда ауыл әкімдерінің өкілеттіктерін арттыру көзделген. Дегенмен, кейбір мәселелер әлі де пысықтауды қажет етеді.

Бүгінгі форум алты панельдік сессиядан тұрады. Әрқайсысы нақты бағыттарға арналған:

  • әлеуметтік саясат және адами капиталды дамыту;
  • ауыл шаруашылығы және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану;
  • өңірлік саясат және ауылдарды дамыту;
  • бюджеттік-қаржылық саясат және экономикалық өсім көздері;
  • ауылдарды цифрландыру, жасанды интеллект және әкімдердің жұмысын жеңілдететін цифрлық шешімдер;
  • жергілікті мемлекеттік басқару және ауылдық округ әкімдерінің міндеттері.

Әр алаңда 15-16 қатысушы тақырыпты өзара талқылап, жергілікті атқарушы органдардың жұмысын күшейтуге бағытталған практикалық ұсыныстар әзірлеуде.
Осындай диалогтың негізгі мақсаты – ауыл әкімдеріне заманауи әрі қолайлы жұмыс жағдайын жасау. Бұл жергілікті деңгейде шешім қабылдауды жылдамдатып, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді.

TuraNews

Back to top button