Қоғам

ШҚО-да оқушылардың ата-аналары лаңкестер туралы жалған хабарлама таратқаны үшін жауапкершілікке тартылды

Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандардың терроризм актісі туралы жалған хабарлаудың басқа фактілеріне қатыстылығын тексеруде.

ШҚО ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ағымдағы жылдың 15 қыркүйегінде 102 жедел арнасына дабыл қоңырауы түскен. Қоңырау шалған бала мекен-жайын айтып: «Бізде террористер бар, келіңіздер», — деді.

Оқиға орнына жеткен жедел қызмет тобының қызметкерлері барлығын тексеріп, хабарламаның жалған екені белгілі болған.

Тәртіп сақшылары қоңырау шалған 8 жасар бастауыш сынып оқушысы екенін анықтаған. Оның айтуынша көршінің баласы оған келіп, полицияға қоңырау шалуды өтінгенін айтқан. Сонымен қатар, сол таныс бала тамыз айында басқа жігіттерден осындай өтінішпен жүгінгені туралы айтып берген.
Екінші кәмелетке толмаған баланың да жеке басы анықталды. Ол 14 жасар жасөспірім болып шықты. Екі баланың ата-аналары бала тәрбиесі бойынша міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандардың терроризм актісі туралы жалған хабарлаудың басқа фактілеріне қатыстылығын тексеруде.

Полиция департаменті бұл әрекеттер үшін 5000 АЕК-ке дейінгі айыппұлдан бастап 5 жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қарастырылғанын еске салады.

Бұл қылмыс үшін 14 жасқа толған адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Егер кәмелетке толмағанның жасы 14 жастан аспаса, онда бұл жағдайда оның ата-анасы балаларды тәрбиелеу бойынша шаралар қолданбағаны үшін жауапкершілікке тартылады.

Құрметті ата-аналар, балаларыңыздың мінез-құлқына ерекше назар аударыңыздар, олармен мұндай әрекеттердің салдарын талқылаңыз және мұндай бір сәттік әзіл-қалжыңның ауыр қылмыс екенін және ол үшін ауыр жаза қарастырылғанын түсіндіріңіздер.

TuraNews

Back to top button