ШҚО-да ірі «Алтай» көтерме-бөлшек сауда орталығы іске қосылды
Өскемен қаласында Шығыс Қазақстандағы ең ірі заманауи «Алтай» көтерме-бөлу орталығы өз жұмысын бастады. Жаңа хаб фермерлерді, өндірушілерді және сауда желілерін біріктіріп, «алқаптан сөреге дейін» қағидасы бойынша бірыңғай жеткізу жүйесін құруға бағытталған.
Жоба «Нарын-Сауда-ОПТ» ЖШС және «СПК «Ертіс» АҚ бірлескен күшімен жүзеге асырылды. Жалпы инвестиция көлемі 34 млрд теңгені құрайды, инвестор – «ОРЦ «Алтай» ЖШС. Жобаны компания директоры Азамат Қалиев басқарады.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов орталықтың ашылуы ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдаудың маңызды құралына айналатынын атап өтті:
«Фермерлер мен тауар өндірушілердің тікелей тұтынушыға шығуы, өнімді делдалсыз жеткізіп, қолжетімді бағамен ұсыну мүмкіндігі – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі нақты үлес. Бұл жоба – табысты мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің айқын мысалы», – деді ол.
Орталықтың мүмкіндіктері:
• Кешеннің жалпы аумағы – 28,5 мың шаршы метр.
• Сүт, ет өнімдері, балық пен жұмыртқаның сапасын қадағалайтын зертханасы бар заманауи көкөніс қоймасы.
• Жеміс-жидек пен көкөніс саудасына арналған 33 алаң.
• ШҚО кәсіпкерлерімен қатар, көрші елдер – Қытай, Өзбекстан және Тәжікстан бизнес өкілдері қатысуға дайын.
Инфрақұрылымға ерекше назар аударылды: жаңа жол салынуда, автобус маршруттары қайта ұйымдастырылды, көлік әр 15–20 минут сайын қатынайды. Қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандар үшін барлық жағдай жасалған.
Сонымен қатар, орталықта аудандық брендинг жүйесі енгізілді: ШҚО-ның 12 ауданының әрқайсысы бірнеше жергілікті өндірушілерді біріктіретін жеке павильондар арқылы өз өнімін ұсынады.
Көтерме-бөлшек сауда орталығының іске қосылуы Шығыс Қазақстанның азық-түлік хабын қалыптастырудағы маңызды қадам болды. Жаңа орталық ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін өткізу нарығын кеңейтіп, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және халықты қолжетімді бағамен сапалы отандық өнімдермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.