Мәдениет

ШҚО-да еліміздің еңбек сіңірген әдеби және мәдени қайраткерлері бас қосты

А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында 11 қыркүйек 2024 жылы салтанатты жиын болды.

Қазақстан Жазушылар одағының баспасөз қызметінің мәліметінше, салтанатты жиынға Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Құрмет», 1 дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы — Құлкенов Мереке Әбдешұлы, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, академик – Сыдықов Ұлықпан Есілханұлы, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының орынбасары – Ғалым Қалибекұлы сынды тұлғалардың қатысуымен өтті.

Кештің мақсаты — өңіріміздегі қаламгерлерді Жазушылар одағына мүшелікке қабылдап, жастарға қолдау көрсету.

Салтанатты жиынды жазушы-публицист, Қазақстан Жазушылар одағының Шығыс Қазақстан облысындағы өкілі- Қаңтарбаев Әлібек Қалиұлы ашып, жыл көлемінде филиалдың атқарған жұмыстарына тоқталды.
Келесі сөз кезегін алған Мереке Әбдешұлы Қазақстан Жазушылар одағында қолға алынған жаңа жобалар туралы таныстырды. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағы стратегиялық әріптестікті іске асыру аясында «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі», «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы», «ТМД Елдерінің архивтеріндегі қазақстандық жазушылардың зерттеу жұмыстары» атты үш маңызды жобаның қолға алынғаны туралы мағлұмат берді.
«Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасы аясында істелетін жұмыстар жайында баяндады. Бұл жоба бойынша еліміздің түпкір-түпкірінен талантты 20 жас қаламгер таңдап алынып, оларды еліміздің әр облысына атандырып, өздері бұрын аяқ баспаған өлкелер туралы кітап жазуға мүмкіндік берілетінін және олардың бәріне қаламақы төленіп, кітаптары шығарылатынын айтты. Аталмыш жобалардың мазмұны мен мақсаты, өткізу жолдары туралы кеңінен әңгімелеп, таныстырды. Бұл мәлімет жиынға қатысушылардың қызығушылығын туғызды.

«Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі» атты жобада жас жазушылардың білімін көтеру мәселесіне тоқталды. Ол бұл мәселенің болашақта ашылуы тиіс әдебиет институтының алғышарты екенін айта отырып, жас қаламгерлерге қазақ және дүниежүзілік сөз шеберлерінің шығармашылық лабораторияларымен таныстырудың, сондай-ақ шеберлік сабақтарының қандай пайдасы тиетіні жөнінде кең түрде әңгімеледі. Жас қаламгерлерге дәріс беру үшін елімізден және өзге елдерден білікті мамандар тартылып жатқанын айтты. Осы жобаға қатысып білімін жетілдіріп келген ақын Естай Жаңабайұлы осы жобадағы жағымды жаңалықтармен бөлісіп, жас таланттарға мүмкіндік туғызып, өзінің шығармашылық кеңістігін кеңейту үшін осындай мүмкіндіктер жасағанына ризашылығын білдірді. Жазушылардың шығармашылығын дамытуға жарқын жол ашатынын жоба екендігіне тоқталды.

Салтанатты жиында шығысқазақстандық қаламгерлер Талғат Қашқынбаев, Естай Жаңабай, Оразай Жеңісұлына Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке өткендігі туралы куәлік тапсырылды.

Одақтағы басқарма мүшелерінің қолға алған жаңа бір жобасы — 12-20 жастағы дарынды жасөспірімдер Жазушылар одағына үміткер бола алатыны туралы жоба. Жас үміткерлерді Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке кандидаттыққа қабылдау. Шығыс Қазақстан облысынан Тоқтамұратова Ботагөз Бекболатқызы (Оралхан Бөкей атындағы №44 мектеп лицей-интернаты), Идаятов Расул Ринатұлы (Жамбыл атындағы мектеп гимназия интернаты), Закен Құрмет Құралханұлы (Жамбыл атындағы мектеп гимназия интернаты) аталмыш куәліктердің иесі атанды.

Мерейтой иелері танымал ақын Бақытжан Раисова мен жазушы-журналист Жәнібек Қызыр «Құрмет» грамотосымен марапатталды. Соңында Қазақстан Жазушылар одағы өкілдерінің жергілікті ақын-жазушылармен еркін сұхбаты өткізілді.

Сыр мен жырға толы кеш қонақтардың ізгі тілектерімен, алдыңғы буын ағалардың өнегелі әңгімелерімен жалғасын тапты. Кітапхана өз кезегінде келген қонақтарға «Абай әлемі» сериясының жаңа кітаптарын таныстырды.

TuraNews

Back to top button