ШҚО-да былтыр ауызсумен қамту бойынша 12 жоба жүзеге асты
Мемлекет басшысының халықты 100% таза ауыз сумен қамту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында 2024 жылы ШҚО-да жалпы құны шамамен 60 миллиард теңге болатын 30 жоба бойынша жұмыс жүргізіліп, оның 12-сі аяқталды.
![](https://turanews.kz/wp-content/uploads/2025/02/img-225215-wa1.jpg)
Оның ішінде Риддер қаласындағы Бутаково ауылы, Алтай ауданындағы Путинцево мен Малеевск ауылдары, Глубокое ауданының Малоубинка ауылы, Күршім ауданының Барақ Батыр ауылы, Шемонаиха ауданының Убинка ауылында сумен жабдықтау нысаны салынды, Өскеменде Халықтар достығы, Рабочая көшелерінде, Глубокое ауданының Степное ауылында, Самар ауданының Самар ауылында 2 сумен жабдықтау нысаны жаңартылды, Риддердегі Ботаника-3 тұрғын ауданында, Тарбағатай ауданының Ақжар ауылында су бұру объектілері салынды.
Сонымен қатар Риддер қаласы мен Тарбағатай ауданының Ақжар ауылында 2 су бұру нысаны салынды.
Нәтижесінде, қосымша үш жарым мыңға жуық адам таза ауыз суға қол жеткізді.
– Жыл қорытындысы бойынша 213,8 км су құбыры желісі мен 14,5 км су бұру желісі салынып, қайта жаңартылды. Бұл су құбыры желілерінің тозуын 49,1%-ке, ал су бұру желілерінің тозуын 69,7%-ке дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Облыс тұрғындарының сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділігі 99,4% құрады», – деп мәлімдеді ШҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов.
Оның айтуынша, биыл жалпы құны 65,2 млрд теңгені құрайтын 29 жоба жүзеге асырылуда. Оның 28-і бойынша мердігер ұйымдар анықталды, ал Серебрянск қаласындағы су жабдықтау жүйесін жаңғырту жобасы бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілуде.
Мемлекет басшысының халықты сапалы ауыз сумен 100% қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын толық орындау үшін 4060 адамды қамтитын 8 жобаға қосымша қаржыландыру қажет. Оның жалпы сомасы – 9,99 млрд теңге.
Бұл жобалар 4 жаңа су құбыры құрылысы (Шемонаиха ауданының Большая Речка және Березовка ауылдары, Ұлан ауданының Отрадное ауылы мен Асубұлақ кенті) – 2613 адамды қамтиды. 3 қайта жаңарту жобасы (Катонқарағай, Үлкен Нарын және Бозанбай ауылдары) 999 адамды қамтиды. 1 қайта жаңарту жобасы (Өскемен қаласы) 448 адамды қамтиды.
Жобаларды толық қаржыландыру Мемлекет басшысының барлық тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар облыс басшылығы 531,6 км су құбыры желісін қайта жаңартуды жоспарлап отыр. Бұл желілердің тозуын 1,8%-ке төмендетіп, 47,3%-ке дейін жеткізуге көмектеседі.