Қоғам

ШҚО ауылдарында жаңа спорт нысандары ашылуда

Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында ауылдық елді мекендерде бұқаралық спортты дамытуға бағытталған әлеуметтік маңызы бар жаңа спорт нысандары пайдалануға берілуде.

Айнабұлақ ауылында 2024 жылы басталған заманауи спорт модулі ашылуда. Осындай спорт нысаны Зайсан ауданының Жарсу ауылында да өз жұмысын бастайды. Аталған спорт модульдері бір қабатты ғимараттар болып табылады және ангар типіндегі спорт залы мен әкімшілік-тұрмыстық блоктан тұрады.

Спорт залдары ойын түрлерімен және күрес элементтерімен айналысуға арналған, әрі жылжымалы қалқамен екі секцияға бөлінген. Әрбір нысанның бір ауысымдағы өткізу қабілеті – 28 адам, ал бір күнде спортпен шұғылданатындардың жалпы саны 84 адамға дейін жетеді. Әр спорт модулінің жалпы аумағы 853,1 шаршы метрді құрайды. Нысандарда 6 қызметкер жұмыс істейді.

Аталған спорт нысандарының ашылуы спортпен шұғылдануға қолайлы жағдай жасап, ауыл тұрғындары үшін спорттық инфрақұрылымның қолжетімділігін арттырып, өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

TuraNews

Back to top button