2023 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша елімізге саяхаттаған ішкі туристердің саны 11% артып, шамамен 5,4 млн адамға жетті. Оның ішінде шетелдік туристердің саны – 835 мың адам. Яғни, ішкі туристердің үштен бірі шетелдіктердің үлесіне тиесілі, деп хабарлайды TuraNews.kz ҚР Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Ал сол шетелдік саяхатшылар еліміздің қай өңіріне жиі саяхаттайды? Назарыңызға шетелдік туристерді ең қөп қабылдаған еліміздегі ТОП-5 қаланы ұсынамыз.
Шетелдік туристер арасында еліміздің оңтүстік астанасы туристік өңір ретінде кеңінен танымал.
Мәселен, 2023 жылғы алғашқы тоғыз айда Алматыға 409 394 адам саяхаттап келген.
Осылайша Алатау баурайындағы ару қала Алматы шетелдік туристерді ең қөп қабылдайтын еліміздегі қалалардың көшін бастады.
Алматы қаласы шетелдіктер үшін тау-шаңғы курорттарымен, сұлу табиғатымен, қолайлы ауа райымен тартымды.
Жуырда әйгілі италиялық Condé Nast Traveller Italia басылымы Алматыдағы Шымбұлақ тау шаңғы курортын әлем саяхатшылары міндетті түрде баруға тиіс ТОП-5 орынның бірі ретінде ұсынса, америкалық New York Times нұсқасы бойынша Алматы 2024 жылы баруға тұрарлық 52 орын тізіміне енген болатын.
Екінші орынға ел ордасы — Астана қаласы жайғасты. Еліміздің бас қаласына шетелдіктер іскерлік туризм бойынша жиі келеді. 2023 жылдың 9 айында Астанаға 220 000 шетелдік қонақ келген.
Рейтингтің үшінші орнына Маңғыстау облысы жайғасты. Қарт Каспийдің жағасында орналасқан Ақтауға былтырғы қаңтар-қыркүйек аралығында 34 435 шетелдік саяхатшының табаны тиген.
Үздік бестікке Атырау облысы мен Шымкент қаласы енді. Өткен жылдың алғашқы 9 айында мұнайлы өлкеге 24 431 шетелдік турист келген болса, еліміздің үшінші мегаполисіне 20 837 шетелдік турист саяхаттаған.
«Еліміздің туристік әлеуеті мен дәстүрлі қонақжайлығының арқасында Қазақстан шетелдіктер арасында әлемдегі ең танымал туристік бағыттардың біріне айналып келеді. Қазіргі таңда Қазақстанға 74 елдің өкілдері визасыз келе алады. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 100-ге дейін жеткізуді жоспарлап жатырмыз. Бұдан бөлек, 28 елмен 120 маршрут бойынша халықаралық әуе қатынасы жолға қойылған», — деді Туризм индустриясы комитеті төрағасының м. а. Нұртас Кәріпбаев.