Шемонаиха ауданында су құбыры желілерінің құрылысы қарқын алуда
Шемонаиха ауданында су құбыры желілерін салу бойынша ауқымды жоба жүзеге асырылуда.
Жобалау-сметалық құжаттама 2023 жылы «ALPHA GRAPHICS» ЖШС тарапынан әзірленіп, жобаның жалпы құны 552,4 млн теңгені құрады.
Жобада ұзындығы 17,1 шақырым болатын су құбыры желілерін тарту, жаңа (резервтік) су алатын ұңғыма бұрғылау, екі бірінші көтергіш және бір екінші көтергіш сорғы станциясы бар су тарту алаңын салу, сондай-ақ әрқайсысының сыйымдылығы 75 м³ болатын екі таза су резервуарын тұрғызу көзделген.
2024 жылдың басынан бастап жоба іске асыру кезеңіне өтті. Бас мердігер – «Sem ARTA Stroy» ЖШС. Өткен жылы облыстық бюджеттен 71 млн теңге бөлініп, толық игерілді. 2025 жылы жобаға толық қаржыландыру қарастырылды: республикалық бюджеттен 200 млн теңге және Арнайы мемлекеттік қордан 242,2 млн теңге бөлінді.
Қазіргі уақытта жобада қарастырылған 17,1 шақырымның 12 шақырымы төселіп, 86 құдықтың 46-сы орнатылды. Су алу ұңғымасын бұрғылау жұмыстары аяқталуға жақын, ал сорғы станцияларында жер қазу және іргетас құю жұмыстары басталды.
Құрылыс алаңында 26 жұмысшы мен 6 арнайы техника (самосвалдар, экскаваторлар, манипуляторлар және тиегіш) жұмылдырылған. Құрылыс-монтаж жұмыстарының орындалу деңгейі – 40%. Жобаны аяқтау 2025 жылдың қазан айына жоспарланған.
Аталған жобаның іске асырылуы Үлкен өзен ауылындағы 355 тұрғынды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді және Қазақстан Республикасы Президентінің ел халқын 100% таза ауыз сумен қамту жөніндегі тапсырмасын орындауға бағытталған маңызды қадам болып табылады.