Экономикалық ынтымақтастық ұйымының (ЭЫҰ) кезекті саммитінде Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев Газа секторындағы жағдайға байланысты тағы да мәлімдеме жасады, деп хабарлайды TuraNews.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
«Бейбітшілік пен қауіпсіздікке елеулі жаһандық қауіп төндіретін Таяу Шығыстағы Палестина-Израиль қақтығысы бәрімізді алаңдатады. Өкінішке қарай, бейбіт тұрғындар, әйелдер, балалар мен қарт адамдар қанды қақтығыстың құрбаны болып жатыр. Шиеленістің ауқымы кеңейіп бара жатқаны байқалады. Бұл қайшылықтың ірі қақтығысқа айналуына жол бермеу керек. Біз тараптарды соғыс қимылдарын дереу тоқтатуға, бейбіт келіссөздерді бастауға және ақылға қонымды ортақ шешімге келуге шақырамыз. Біз тағы да өз ұстанымымызды білдіргіміз келеді – Палестина халқы Біріккен Ұлттар Ұйымының қарарларымен расталған өзінің тәуелсіз мемлекетін құруға құқылы», — деп мәлім етті Шавкат Мирзиёев.
Еске сала кетейік, бұған дейін Өзбекстан Президенті Газа секторының тұрғындарына көмек ретінде 1,5 млн доллар бөлетінін айтып еді. Шавкат Мирзиёев ол жолы да екі тарапты қақтығыс қимылдарын тоқтатуға және жанжалды бейбіт жолмен шешуге шақырды.
Сондай-ақ, 3 қарашада Астанада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммитінде Шавкат Мирзиеёв ТМҰ елдерін Палестина мәселесі бойынша бірлескен ұстаным көрсетуге шақырған еді.