Шахтинскіде өртенген пәтерден «АрселорМиттал Теміртау» адвокатының денесі табылды
«АрселорМиттал Теміртау» компаниясының заңгері Ирина Эмнің денесі өртеніп кеткен пәтерден пышақ жарақаттарымен табылды, деп жазады Turanews.kz.
Қайғылы оқиға 23 сәуір түскі уақытта болған. 112 қызметінің диспетчерлеріне бес қабатты үйде өрт шыққаны туралы хабар түскен.
«23 сәуір сағат 13:01-де Шахтинск қаласында Жеңіске 40 жыл көшесі, 79-шы үйде өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті. Бес қабатты тұрғын үйдің 5-қабатындағы пәтерде жалпы ауданы 6 шаршы метр аумақта жиһаз бен үй заттары өртенді. Өрт орнынан 1969 жылы туған әйелдің денесі табылды. ТЖ департаментінің күшімен кіреберістегі пәтерлерден 9 адам эвакуацияланды. Өрт 13:25-те оқшауланып, 13:31-де толық сөндірілді. Оқиғаның мән-жайы мен өрттің себебі анықталып жатыр», — деп хабарлады Қарағанды ТЖД баспасөз қызметі.
Белгілі болғандай, қайтыс болған адамның денесінен пышақ жарақатының ізі табылған. Полиция «кісі өлтіру» бабы бойынша іс қозғады.